Жаңалықтар
09 сәуір 2021 ж, 13:59

Анамдай болған асыл жан

Ұлы ғұла­ма­лардың да ұстазы болған. Абыройлы міндетті ақаусыз атқарған мұғалімді халқымыз қашанда ерекше құрмет тұтқан. Қолына қалам ұстатып, білім үйреткен, жақсылыққа жетелеп, тәлім мен тәрбиені бойымызға сіңірген ұстазды жылылықпен еске алмайтын жандар кемде кем.
 «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», - деген қанатты сөзді қазақ елі текке айтпаса керек. Әрдайым қасында жүрген асыл азаматтарын бағалай әрі бағамдай білген.
Осындай игі дәстүрді жалғастыру мақсатында қолыма қалам алып ақ парақ бетіне жайсаң адам туралы мен де бір ой толғап, жазып көрсем деп шештім. Ойға қостым, тұңғиықтан пікір іздедім. Жан-жағымдағы барлық адам, барша адамзат мен үшін игі жақсылар. Өйткені, әрбір адамның бойына жақсылық дәні көбірек себілген. Жақсылық – ол адамның ойы, ниеті, іс-әрекеті арқылы көрінеді. Жаман  пиғылдардан аулақ болып, қай кезде болса да адамға  қол ұшын беріп көмектесетін, жанашырлық танытатын адамды жақсы адам дейміз. Адам баласы  табиғаттың басқа жаратылыстарынан сезімімен, ой-сана, ақылымен, әсіресе, бір-біріне жақсылық жасап, ізгілік көрсетумен ерекшеленеді.
      Жақсылық күн сияқты: кейде түнерген бұлт астына жоғалып, кейде сәулесін мол шашып, нұрын төгеді. Осындай жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын жақсы адамдар менің өмірімде де орын алды. Негізінде осы тақырып төңірегінде қолыма қалам алуға себепкер болған жан бар. Ол – мен білім алған, мамандық игерген киелі орда - Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің тарих пәні оқытушысы Гүлзия Қалманова. Төрт жыл бойы мен оқыған  Тж-14-9 оқу тобына жетекшілік етіп, жоғарыда айтып өткенімдей «жақсы адам» деген түсінікке сайып келетін, «ұлағатты ұстаз» деген атаққа лайықты жан деп білемін.     
         Гүлзия Маратқызының еңбексүгіштігіне қайран қаламын. Өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін апайым, қаншама шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. Аз сөйлеп, көп жұмыс атқаруға дағдыланған Гүлзия апайымыз «Бір кісі мың кісіге олжа салар» демекші, колледжіміздің мақтанышы екенін бәріміз білеміз. Олай дейтінім, алдындағы әрбір оқушының жағдайына, көңіл-күйіне қарап тіл қатып, үнемі қолдау көрсетіп жүреді. Қолынан келген көмегін еш аяған емес.
      Ұстазым қарапайымдылығынан айнымайтын, адамгершілігі мол, мейірімді жан. Әрдайым қимыл үстінде, жұмыс бабында жүретін ізденімпаз мұғалім. Колледжде өткізілетін барлық іс-шаралардың бас қасынан Гүлзия апайды көруге болады.
...Оқу жылы аяқталып, диплом тапсыру рәсімі өткелі жатқан кез. Әр студенттің жүрегі дүрсілдеп, көңілі толқитын шақ. Солардың қатарында мен де бармын. Есімдері аталған бітірушілер дипломдарын қолдарына алып, мәз-мейрам. Бір кезде менің де атым аталды. Қолымда бір шоқ гүлім бар, ол анамдай болған асыл жан Гүлзия Маратқызына арналған ықыласым болатын. Гүлімді ұстазыма табыстап, колледж ұжымына өзімнің жүрекжарды ақ тілегімді, рахметімді айттым. Сөз кезегі топ жетекшіміз Гүлзия апайға берілгенде, ол кісінің сөздерінен бізді соншалықты жақсы көретінін, қимастығын анық сездім. Көз жасына ерік берген ұстазымның сол қалпы ешқашан жүрегімнен өшпейтін, студенттік жылдарымның  тәтті де қимас естелігі болып қала бермек.      
   Колледжді бітіріп, жоғарғы оқу орнына түстім. Жыл сайын менің азамат болып қалыптасуыма үлкен септігін тигізген қасиетті оқу орныма келіп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма сәлем беруді өзімнің шәкірттік парызым деп есептеймін.
     Сабырлы мінез, сырбаз қалып, бекзат болмыс, тектіліктің биік шыңы-осының бәрі Гүлзия апайға арналып айтылғандай. Биіктігі мен тереңдігі, кеңдігі бір басынан табылатын ерекше тұлға.
         Жүрген жеріне шапағатын сеуіп жүретін, халық даналығындағы «Жақсы адам жай келеді, жан-жағын байқай келеді» дегендей, қасиетке ие жақсылар бар. Осындай жақсы адамдар – қоғамның, заманның қаһармандары. Ендеше, осындай жанымызда жүрген жаны жайсаң  адамдардың қадірін біліп, барынша құрметтеп, сыйлап өтейік. 
            
Мақсұт АЙДЫН,
 Сағадат Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтының 3 курс курсанты
 
387
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan