Жаңалықтар
09 сәуір 2021 ж, 14:38
Байсалды, білімді, терең ойлы...
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, тәлім-тәрбие, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Тәуелсіз ел атанып, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ білімі мен тәрбиесіне де мықты көңіл бөлініп келе жатқанына куәміз. Өркениетке апарар жолдың бастауында әрдайым ұстаз тұратыны әмбеге аян.
Осы орайда мыңдаған шәкірттердің өмірден өз орнын табуға септігін тигізген, тамырын тереңге жайған киелі білім ордасы Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің бетке ұстар, білікті де білімді мұғалімі Орынкүл Жалғасова жайлы қалам тартқалы отырмын.
Жалғасова Орынкүл Асанқызы 1977 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1994 жылы мектепті үздік аяқтап, сол жылы Қызылорда ауылшаруашылық колледжінің «экономист-бухгалтер» мамандығына оқуға түсіп, оны 1996 жылы үздік үлгідегі дипломмен тәмамдаған. 1996-2000 жылдары өңіріміздегі іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде экономист-менеджер мамандығы бойынша озаттар қатарынан табылып, үздік диплом иегері атанды. Іздену мен оқудан жалықпаған Орынкүл Асанқызы 2008-2010 жылдар аралығында осы ЖОО магистратурасында білімін жалғастырып, «Экономика ғылымдарының магистрі» атағын алды. Қазіргі уақытта жоғары санатты оқытушы.
Студенттерге ғана емес, ұжым қызметкерлеріне үнемі өз тәжірибесімен бөлісіп, бағыт-бағдар беруден жалықпайтын, ұстаздық жолда тапжылмай еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстазымыздың осы уақыт аралығында бағындырған белестері аз емес. Еңбек жолын 2007 жылы Қызылорда қаласындағы Қызылорда «Қызмет» колледжінде «Экономика» пәндер бірлестігінің оқытушысы болып бастаған О.Жалғасова 2011-2015 жылдары осы оқу орнында оқу-әдістемелік жұмыстарының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 2015 жылдан бастап Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінде оқу әдістемелік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, «Гуманитарлық» ЦӘК оқытушысы қызметін атқарып келеді.
Ұстаздардың ғылымның соңғы жаңалықтарын күнделікті сабақтарында пайдалануда білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялардың орны ерекше. Жаңа педогогикалық технологиялар арқылы бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырудың жаңашылдығы басым. Ақпаратпен жұмыс істей алу - білімді қалыптастырады және қатынас жасау қабілетін туғызады. Жаңа таным құралдарын пайдалануға және ұйымдастыруға жағдай жасайды. Осы тұрғыда ізденімпаз әдіскер ретінде Орынкүл Асанқызы колледж мұғалімдеріне бағыт-бағдар беруден еш жалыққан емес. Сонымен қатар, алған білім негізін дамыта отырып оқушылардың да шығармашылық деңгейін шыңдап, жетістіктерге жетуіне өз үлесін қосуда.
Шығармашылыққа баса ден қойған жаңашашыл педагог Орынкүл апай бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы, тематикалық мақалалары әрдайым облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып жүр. Орынкүл Асанқызының жылдар бойғы атқарған елеулі еңбектері ескерусіз қалған емес. Ол Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясның құрмет грамотасымен, «Жыл әдіскері» облыстық байқауының алғыс хатымен, екі мәрте «BILIM-ORKENIETY» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған республикалық байқауларының І дәрежелі дипломдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасының, «Жаңарған Қазақстандағы ғылым және білім жүйесін жетілдіру – заман талабы» ғылыми-практикалық конференциясының «Жаңашыл, ізденгіш оқытушы» номинациясының иегері.
Жан дүниесіне үңіле қарасаңыз өте байсалды, білімді, терең ойлы, тұла бойы тұнып тұрған игі қасиеттерге ие. Біз секілді жас мамандарға білмегенімізді үйретіп, үнемі көмек қолын созуға дайын тұрады. Барлық жұмыста ептілік пен жауапкершілікті қатар алып жүретін Орынкүл апай мен үшін үлгі боларлықтай асыл тұлға. Осындай білікті, тәжірибелі әдіскерден тәлім-тәрбие алған өзімді жолы болған жастардың қатарына қосамын.
Фариза АЙБУСЫНОВА,
дене шынықтыру пәнінің оқытушысы
631