Жаңалықтар
09 сәуір 2021 ж, 14:59
Еңбекпен өрілген өмір немесе Жақсымен өткізген жарты сағат
Колледжіміздің құрылтайшысы, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Мирамбек Исаевты Сыр жұртшылығына таныстырудың қажеті жоқ. Кеңес дәуірінен бері ұзақ жылдар бойы өскелең ұрпақты тәрбиелеумен айналысып келе жатқан білім саласы ардагерінің есімі елге етене таныс. 25 сәуірде ардақты ағамыз 67 жасқа толады.
Мирамбек Мырқыұлы 1954 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ағайдың арғы атасы әз Тәукенің Текей батыры болса, әкесі – Сыр өңіріне танымал, қазақтың мәрт мінезді майталманы, қарымды журналист Мырқы Исаев.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Мырқы Исаевтың 90 жылдық мерейтойы облыстық деңгейде аталып өтіп, соған орай жазба ақындар мүшәйрасы өткен-ді. Сол жыр додасы қарсаңында Мырқы көкеміз туралы көзкөргендерден, бірге қызметтес болған тұлғалармен тілдескенмін. Арнау өлеңіме арқау қылып белгілі фотограф Болат Омарәлиевтің естелігін алған болатынмын. Болат ағаның айтуынша, Мырқы Исаев атамыз қара қылды қақ жарған әділ, ақиқатты алдаспандай жарқылдатып айтатын турашыл кісі болыпты. Осы мінезін жураналистикамен де байланыстырып, ең өткір деген тақырыптарға қалам тербеген. Фельетон жазудың хас шеберінің осы бір турашыл мінезін білетін сол кездегі облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде бірге істейтін қаламдас достары әзілдеп, қалжыңмен қағытпаққа ақылдасыпты.
Газет редакциясына келетін күллі арыз-шағым сынды хаттар Мырқы Исаевтың қарауына жолданады екен. Осы тектес хаттардың легімен көкеміздің достары жолдаған «домалақ арыз» да қолына тиіпті. Арызда Тасбөгеттегі ет дүкенінің сатушы Иса етті дұрыс өлшемей, таразыдан жейтіні туралы айтылған екен. Кез-келген ақпаратты нақтылап, тексеріп барып жазу әрбір журанлистің бұлжымас борышы. Осы қағидамен Мырқы көкеміз «Урал» мотоцикліне міне салып Тасбөгетке тартыпты. Ет дүкенінің сыртынан қарап тұрып, жанындағы жолдасына ақша беріп, ет сатып алып келуге жұмсайды. Ол сатып алып келген етті таразыға тартса, болмашы ғана грамм ет кемдеу шыққан екен.
Ертеңіне бас редактордың алдында аталмыш тақырыпта Мырқы Исаев жазған көлдей сын-мақала жатыпты. Қоластындағы жігіттердің қыжыртпа қалжыңынан хабардар боп отырған бас редактор Ұзақ Бағаев қарқылдап риясыз күліпті де, барлық қызметкерлерді жинап алып «Менің Мырқым – сендердің қырқың!» деген екен.
«Мен әкемді тек жақсы жағынан көрдім. Бала күнімізде онша мән бермейтін едік, жасымыз келген сайын зер салсақ оның әр істеген ісі, әр қимылы, әр айтқан сөзі барлығы өнеге екен. Кейде бізді таңғы алтыда ұйқыдан тұрғызып жұмысқа салатынына таң қалатынмын. «Сабақтан келген соң, түстен кейін неге істетпейді ол жұмысты?» деп те ойлайтынбыз. Сөйтсем, оның бәрі тәрбие екен. Еңбекке тәрбиелеген» - деп еске алады Мирамбек ағай әкесі туралы.
Мирамбек Мырқыұлы кейінгі жастарға бітім-болмысымен, өнегелі өмірімен үлгі боп келе жатқан дегдар кісі. Әңгіменің де майын тамыза айтады. Тыңдаушының құлағының құрышы қанады. Осы мақаланы жазу үшін ағаймен жұмыс кабинетінде отырып, ресми әңгімелесуді қаламадым. Сондықтан фотоаппаратымды асынып тура ағайдың биллиард ойнап жатқан жеріне бардым.
...Күнделікті ойнап, әбден сыралғы болған замандас қарсыласы екеуі тастаяқтың қызығына әбден кіріп алыпты. Қызыл шар олай да бұлай шиыршық атып, лузаға кезек-кезек тоғытылып жатыр. Екеуін шарына шаң, киіне кір жұқтыртпас нағыз кәсіпқойлардың өздері ма дерсің! Бұл «ақсүйектер» ойынына аздап әуестігім бар менің де делебем қоза бастағанын сезді ме, «Ғабит, сенің осы жерге келгеніңді бұдан бұрын бір-екі рет байқап едім. Ойнайсың ба?» деп сұрады. Ойнап көріп едім, деңгейім әлдеқайда алшақ жатырғанын түсіндім.
Қисын мен қозғалысқа құрылған ойынның қызығы жалғасып жатты. Мирамбек ағайдың басында айқышы бар таяқшаны ұтымды пайдаланып қиын жағдайдан толғай тартқан шары кезекті рет тоғытылғанда жайлап әңгіменің де тиегі ағытыла берді-ау...
– Аллаға шүкір, біз он ағайынды болдық. Барлығымыз әжемізд34 тәрбиесінен өттік. Қожаның қызы еді, жарықтық. Таңертең ерте тұрғызады. Есекпен қатынап шөп орамыз. Бүткіл жұмысты істететін. Кесек құямыз. Әйтеуір, жазғы демалыста жұмыстан көз аштырмайтын. Есесіне, бәрімізді тамыздың соңында дүкенге апарып, бастан аяқ киіндіретін еді.
...Байқаймын, Мирамбек ағайдың әңгімеге алаңдап ойнай бастағанын аңғарды ма, қарсылас көкеміз бірер шар артық сала бастады. Мұндайда ағай «Тәк, 7-4 боп тұр екен. Қазір бір рет штраф салынса ойынды әрі қарай нормәльні жалғастыруға болады» деп қояды. Айтса-айтқандай, бір сәтке ағайдың психологиялық шабуылы іске асты. Содан соң сұранып тұрғын бір «своякты» сол жаққа сүйрей тартып салды да, үзілген әңгімені қайта жалғап кетті.
– Бірде мынадай қызықты жағдай болды. Мәскеуде аспирантурада оқып жатқан кезім. Үй алдындағы арық тазалап жатып, көшеде кетіп бара жатқан бір сыныптасымның әкесін көріп қалдым. «Ассалаумағалейкум!» деп алдынан шығып амандастым. Сәлемімді алып, бетіме қарап тұрды да: «Қай баласың?» деп сұрады.
- Мен балаңыздың сыныптас досы Мирамбекпін.
- Баламда қай бір оңған дос бар дейсің. Сен де бір шпананың бірі шығарсың...
Деді де ағамыз сыртын беріп кетіп қалды. Екі айдан кейін ғылыми атақ қорғап келсем, ол кісі үйге келіп: «Құтты болсын, естіп жатырмын. Өткен жолы қателесіппін. Баламның жақсы достары бар екен» деп арқамнан қағып жатыр.
...Тым жақсы реті кеп тұрған шарды көздеп тұрғанда көзін қарықтыра жарқ-жұрқ суретке түсірдім бе, әлде әрнені бір сұрап әңгімеге алаңдата бастадым ба, әйтеуір Мирамбек ағайдың ойыны тежеуілдей бастады. Оның үстіне ағайдың қарсыласы менімен рулас болып шыққасын, ол кісі де «қарға тамырлы қазақтың» дағдысына салып біздің ауыл жақ туралы, сондағы үлкендер туралы сұрай бастағасын тастаяқ ойыны саябырсып барып тоқтады.
Әңгіме көлікте жалғасты.
- Ағай, газетіміздің кезекті саны 1 сәуір күні шыққалы тұр, – деймін келесі сұрақтың шетін шығарып. – Бұл күнді білесіз, бұл күні көбіміз түрлі жағдайда күлкілі жайттарға тап болып, қанша сақтансақ та алданып, не болмаса біреуді алдап жататыным бар...
– Ой, несін айтасың, Зәуреш апайларыңды жылда 1 сәуір сайын «қатырамын», – деп ағай риясыз бір күліп алды. – Бірде лоторея билетіндегі барлық сандарды тура шыққан сияқты қылып белгілеп қоямын да, ұттым деп көрсетем. Ол сеніп қалады. Ал бірде «Түген» деген туысымыздың «Пәлен» деген баласы келіншек әкеліп жатыр екен деп шұғыл қоңырау шалам сыртта жүріп. Ол «үйленіп» жатқан бала біраз жүріңкіреп қалған, соның келін түсіруін көбіміз күтіп жүруші едік. Сеніп қалды. Сеніп қана қоймай, оны-мұнысын іле сала сол үйге қарай кетіп қалыпты... Сондай-сондай жағдайларда апайларың үнемі алданып жүреді.
Менің көкем Иса да бұл күні қарап қалмайтын. Тіпті жетпістен асып сексенді алқымдаған шағында да әзіл-қалжыңын қоймай әжемді алдап түсіргені әлі есімде. Күнде таңертең Тасбөгеттің арғы жағына қарай сиырларды айдаймыз. Бірде біз шықсақ, бірде көкем өзі шығады. Бір күні малды айдап тастап келіп, таңғы шайын ішіп отырады. Содан әжемізге қарап жайлап әңгімені бастайды.
- Әлгінде көпірдің үстінен өтіп бара жатыр едім, «Пәленше» деген көрші дариядан жайын ұстап, соны шығара алмай жатыр екен. Екеулеп өйтіп-бүйтіп зорға дегенде шығардық-ау... Балықтың үлкендігі сонша, мотоциклдің люлкісіне салғанда құйрығы жерге тиіп жатты.
- Енді саған бірдеңе берді ме?
- Ойбу, енді... мен ұстаған жоқпын ғой ол жайынды, маған не деп береді, - деп көкем күмілжігенсиді.
Әжеміз қожаның қызы еді, бұрқ-сарқ етіп орнынан атып тұрады.
- Сен көмектеспегенде шығара алмайтын еді балығын. Неменеге саған ештеңе бермейді? Көрсетейін оған!, - деп бұрқылдай сөйлеген күйі әлгі көршінің үйіне қарай тартады.
...Бір уақытта қайтып келе жатыр, бағанағы адуын қалпы жоқ. «Өй, қақпас шал, сен мені алдапсың» дейді. Сонда көкеміз дым болмағандай «1 апрель - никому не верь!» дейді қулана жымиып.
Әңгімеге елітіп отырып қала орталығынан «Титов» мөлтек ауданының түкіпіріндегі киелі ордамыз – колледжіміздің алдына кеп тоқтағанымызды да аңдамай қалыппын. Колледж ғимаратының кіреберісі заманау үлгіде әйнектен салынып, құрылыс жұмысы қызу жүріп жатыр.
– Осы шаруаны он жылдан бері ойлап жүр едім. Мінеки, ақырындап қол жеткізіп жатырмыз. Бұрын колледжіміздің оқу-материалдық базасы толық болғанымен, ғимаратымыздың сыртқы көрінісі қораштау көрініп, көңілімді күпті етіп жүретін. Шүкір, ақырын-ақырын ол да реттеліп келеді. Сәтін салса биылғы жазда спортзалымыздың құрылысы басталады. Сосын тағы бір мазалап жүрген ой - колледж ғимаратының үстіне қосымша тағы екі қабат салу. Құдай жазса, оны да жасармыз. Уақыт зымырап өтіп жатыр, келер жылы колледжді ашқанымызға да 20 жыл болады екен...
Ағай бірер минут колледж ғимаратына ойлана қарап тұрды да, қайтуға ыңғайланды. Алдағы уақытта кең көлемде тағы талай сұқбаттасармыз деп жылы қош айтыстым. Расында да талай жас өскіннің жолын ашып, талай баланы мамандандырып түлетіп ұшырған, талай ұстаздың ұлық ұясы бола білген білім ордамыздың бүгінгі жетістігі мен толағай табыстарының арқауы болған тұлғаның өнегелі әңгімесін тыңдаудан кісі жалыға ма? «Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» дейтін өлең жолдары көңіл түкпірінде ыңылдай берді. Арқа сүйер ағайымыз аман болсын!
Ғабит КӘДІРБАЙ
687