Жаңалықтар
09 сәуір 2021 ж, 15:13

Бастан кешкен қызықты оқиғалар

Колледжіміздегі біршама әріптестер өмірлерінде кездескен күлкілі, қызықты оқиғаларын әңгімелеп берді. 
РЕЗЕҢКЕ ТАҚИЯ
Алдымен өзім куә болған күлкілі жайтты баяндайын. Ол кезде Қарақұм шөлінің қақ ортасында Бұқарбай деген жайлауды жайлаған шопан едік. Аудан орталығынан 130 шақырымдай шалғай жатқан біздің үйді қаламен әкемнің Газ-53 көлігі байланыстырып тұратын. Он күнде бір, екі аптада бір қалаға қатынаған сайын анам азық-түліктің тізімін жасайды. «Май, шәй, ұн, шекер» деп басталатын «спискінің» соңына біз шулап «Доп! Доп!» деп, ақыры жазғызатын едік те, әкеміз базардан қайтарда үнемі сол добы құрғырды «ұмытып» кете беретін. 
Қалаға әр кеткен сайын жазғызып жүріп сол допты алдырғанбыз. Былғары футбол добы. Ақ құмда жалаңаяқ доп теуіп, біраз серпіліп қалдық. 
Мен күнде қой бағамын. Алты жүз басты құрайтын бір отар қойды шіліңгір шілденің шаңқай түсінде ауылға құлатқандағы көрініс те бір ерекше ғой. Әбден шөлдеп, ауыздарын арандай ашып, тілдері салақтаған қойлар тап бір бәйгеден келе жатқан сәйгүліктердей тізіле шапқылап келетін. Қойдың ауылға айдаусыз-ақ өздері жүгіріп келетін әдетін білген соң, отардан әлдеқайда алға кетіп қалып, үй маңындағы биік төбеге шығып алып, ауыл жақты барлап, қарап тұратынымыз бар. Бір жағынан «ауылдағылар қой келе жатқанын білсін, дайындалсын» деген де белгі бұнымыз.  Ондайда інілерім су моторды іске қосып, науаны суға толтырып, ас қамында жүрген жеңгем тамағын жылдамдатып, дастарқанын жайып, «керзіби етіктің» бір сыңарын қонышынан самаурынға кигізіп, піскілеп-піскілеп жіберіп кернайын қайта кигізіп әбігерлене қалатын.
Төбе басынан қарап тұрмын. Екі інім Мұхит пен Мәжиттің ол кезде 9-10 жасар кездері, доптың қызығына түсіп кетіпті. Күнделікті дағдыларын ұмытып, құдық басына келіп жатқан қойға қайырылып та қарар емес. Отардың алдыңғы легі бір астау суды қылғыта жұтып тауысып тастады. Ана екеуі әлі доп қуалап жүр... 
Әкемнің кенже інісі – осы шұқырдың «бастығы» еді, үлкен үйдің іргесін ашып тастап, кітап, газет оқитын да жататын. Айқайшымыз сол кісі. Қойдың келіп, шөлден маңырап, азынай бастаған дыбысынан білсе керек, киіз үйдің есігінен басы көріне берді. Дереу айқайға басып, анау екеуін шақырып жатыр. Мен төбе басынан бақылап тұрмын. «Оңдырмайтын болды-ау мына екеуін» деп інілерім үшін қам жей бастадым. 
Анау екеуі бастары салбырап ағам отырған киіз үйге беттей беріп еді, ағамыздың қолы кейін қарай жұлқына сермелді. Маған бәрі түсінікті болып тұр, «доптарыңды ап келіңдер!» деді-ау деймін, екеуі сүмірейе жүгіріп барып, допты құшақтаған күйі киіз үйге кіріп кетті. Мен төбе басында әлі бақылап тұрмын. Арада бірер минут өтер-өтпестен Мәжит пен Мұхит үйден атып шықты да, құдық басына қарай жүгіре жөнелді. Бастарында – ақ ала тақия. Сөйтсем, допты екіге айырып, бастарына кигізіп жіберіпті!
Ал енді күлейін кеп. Ала жаздай қақылдап жүріп алдыртқан добымыздың мынадай күйге түскеніне ішің өртеніп тұрып күлген жаман екен. «Шешсеңдер, жандарыңды шығарам!» деді ме екен, екеуі қой суарып тұрып та, ешкілерді айырып қораға қамап жатқанда да, құрттаған қойларды «кралиндеп» жатқанда да бастарынан «тақияларын» бір шешпеді. 
МЕРГЕН
Жұлдызай Арғынбаева әріптесіміз екеуміз құрдаспыз. Ол менен бір курс жоғары оқығаны болмаса бір факультетте, бір корпуста қатар білім алыппыз, осы колледжде танысып жатырмыз. «Первашым екенсің» деп қалжыңдап қояды арасында... Біршама қызықты оқиғаларының ішінен мына біреуі расында да қызық екен.
«...5-6 оқитын кезім. Көрші үйде картоп сатып жатыр екен деп үйдегілер мені жұмсады. Ол үйдің бес иті бар екені қаперімнен шығып кетіпті бір сәт. Шарбағының дарбазасы төрт-бес елідей ашық тұр екен, содан сығалаған күйі ұрып жатырмын таңқылдатып. Құдай-оу, «королевский док» дей ме, «ағылшын бульдогы» дей ме, «қандені» тағы бар шәуілдеп, тағы біреуі «алабай» тұқымының күшігі... Күшігі болғанмен әп-әйдік, барлығы бес ит арсылдап шығып қақпаға қарай жүгірді Төрт елі саңылаудан сығалай тарсылдатып   тұрған мен кері қарай тұра қаштым. Ілмегі ілінбеген қақпаны кеуделерімен соғып шалқалай ашқан бес ит мені демде-ақ қуып жетті, үй мен екі ортада мені құлатып алып талап жатыр. Бар ойым бетімді қорғау болып жанталасып мен баж-бұж.
Ол кезде әкем марқұмның жүрегіне ота жасатып келген кезі еді, қатты қимылдауға, жүгіруге болмайды. Есік алдында шуақта отырған. Мені иттер талап жатқанын көре сала ол да әрекеттене бастады. Бала болсам да әкемді уайымдап, қатты қимылдап, мені құтқарам деп қауырт ұмтылып, тағы ауырып қалмас па екен деп оны да қарап қоям иттермен алысып жатып. 
Бір кезде әкем еңкейіп жерден бір тасты алды да «Кет! Кет!» деп сілтеп кеп қалып еді, әлгі тасы құрғыр мені жұлмалай арсылдап жүрген бес иттің біреуіне де тиместен, тура  маңдайыма келіп «тарс» ете қалғаны...  
Не керек, келесі лақтырған тастары иттерді кішкене тайсақтатты ма екен, әлде көршінің өзі де шығып  ажыратып алды ма екен, ит аяғы басылған бір сәтте ғана есімді жиғандай боп жатырмын. Ентіге жеткен әкем айналып-толғанып мені көтеріп ап келе жатыр. Маңдайымнан қан атқылап жатыр, иттен қорғанам деп екі қолым пырым-пырым, сонда да ал кеп күлкі қыссын... Иттерді үркітем деп шөкелеген тасының қорғамақшы болған қызының маңдайына тигеніне, денсаулығы жарымжан   әкемің осы бір Қожанасырлығына   шын пейілден қатты күлдім сонда. Қайран әкем...»
АЙТАМЫН!
– Менің атым – Шаттық, фамилиям – Айтбай, – деп бүлкілдей күле сөйлеп бастады ол әңгімесін. – Студент кезіміз. Журналда фамилиям бірінші, атым екінші тұрады ғой. Әлде атым жазылмай, тек «Ш» деп тұрды ма екен, бір күні психологиядан сабақ беретін апай маған қарады да «Сен Айтбайсың ба?» дегені. «Жоқ, айтам!» деп атып тұрыппын! «Жоқ, сен Айтбайсың ба?» деп қайталап сұрап жатыр. Тағы да «Жоқ, айтам!». Группаластарым қыран-топан күлкі. Апайымыз да күлкіге ерік берген. Сәл аңтарылып тұрдым да, санама бірдеңе жеткендей болып мен де күлкіден «жарылдым». Сөйтсем апайым менің фамилияды сұрап тұр екен.
         ...Күлкілі, қызықты жайттар әркімнің-ақ басында кездесетін нәрсе. Бірде күйеуіміз екеуміз «Арай Сity» деген ашылыпты, барып көріп қайтайық деп қолтықтасып шықтық.  Ішін алаңсыз араладық. Шығатын кезде бірдеңеге сәл аялдаңқырап қалдым, ал күйеуім менен бұрын шығып кеттті. Анандай жерден оны көріп тұрмын, маған сол кезде біреу телефон шалып қалды да, тұтқаны көтеріп, сөйлескен күйі күйеуіме қарай жақындай бергенім сол еді, бірдеңеге соғылып шалқалай құламасым бар ма! Сөйтсем, ортада әйнек қабырға бар екен ғой, қайдан білейін. Сөмкем кеткен шашылып, телефон анадай жерде ол жатыр. Не күлерімді, не жыларымды білмеген күйі заттарымды жинастырып жатырмын. Жұрттың бәрі қыран-топан.  Күйеуім болса жерді тепкілеп қойып ішек-сілесі қата күліп ол мәз. Ұялғанымды-ай... 
«ПРЯМОЙ» ЖОЛ
         Әйнекке соғылу демекші, жақында менің де басымнан осыған ұқсас жағдай өтті. «Антикордың» кеңсесі  сол жақта деп біреулер қателесіп жол сілтегесін «Саналы ұрпақ» кеңесінің жұмыс жоспарымен қалалық әкімшілікке жолым түсті. 
         Кірсем, бірінші қабатта бірнеше әйнек кабина бар екен, бірінен Назира Аймаханованы байқап қалдым. Студент кезімізден таныс, бір жатақханада тұрған, бөлмесінен талай дәм татып, көптеген студенттік шараларда бірге жүрген ескі танысымды көргесін оған құшақ жая ұмтылдым. Әйнек кабинеттің ішінде біршама шүйіркелесе сөйлесіп қалдық. Содан келген шаруамды айтып, қолымдағы қағазымды көрсетіп едім, «мұнымен мына қыз айналысады» деп оң жағын нұсқады. Қағазды алдым да әлгі қызға қарай жолды «прямой» салмасым бар ма... Сөйтсем ортада әйнек бар екен, соған соғылдым. Даңғұр-дұңғыр етіп бүкіл әйнек кабинет қозғалмасы бар ма. «Ойбай» деген күйі, әлгі кірген есігіме қарай қалбалақтай ұмтылдым. Сөйтсем, оным жабылып қалған екен, тағы соқтым. «И, Ғабит, байқасайшы!» деп Назирам күлкіден «жарылып» жатыр. Ойпырм-ай, абыройсыздық деген... Сөйтіп, бүкіл «горакиматты» басыма көтеріп қайтқаным бар.
ПРИРОДНЫЙ ГАЗ
          – Алғашқы баламды тоғыз ай көтерсем, сол тоғыз ай бойы «таксикоз» болған шығармын, – деп бастады әңгімесін әріптесім Назерке Жақсығұлова. – Ол кезде екі бөлмелі үйде тұрамыз. Бірде Бекболат Тілеухановтың концерті болатын болып,  жолай біздің үйге Алмас Алматов ағамыз жұбайы Мира апа екеуі соқты. Мен тас бүркеніп жатыр едім, қонақтар келгесін көрпемді оранған күйі келесі бөлмеге кетіп қалдым. Қара су қайнатып беруге де дәрменім жоқ, қатты ауырып жатқан кезім еді. 
Алмас ағамыз әңгімешіл кісі ғой. Отағасымен шүйіркелесіп, өткен-кеткенді айтып біраз отырды. Бір кезде «Оу, айтпақшы бізге Бекболат Тілеуханов билет беріп жіберіпті, соған бара жатырмыз кемпіріміз екеуміз. Әншейін, жолай соғып жатқанымыз ғой, тұрайық» деп жатыр еді,   Сәкең  «Оу, отырыңыздар. Ұмытып кетіппін ғой, бізге «природный газ» келді, сол «природный газдың» шәйінің дәмін көріңіздер» деп жалпылдап жатыр еді, сонда Алмас аға «Әй, Серік, «природныйыңды» қоя тұр, кейін «при родный» болғанда келіп асықпай ішеміз шайды», - демесі барма.     
 Дайындаған Ғабит КӘДІРБАЙ
860
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan