Жаңалықтар
09 сәуір 2021 ж, 15:14
Кілең шебер жиналса...

Арнайы пән оқытушысы Мақтагүл ОРЫНБАЕВАНЫҢ айтуынша, қазіргі таңда колледжде «Тігін өндірісі» мамандығы бойынша 5 оқу тобы білім алып жатыр. Атап айтқанда, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» бойынша 3 оқу тобы, жергілікті бюджет есебінен 2 оқу тобы білім алуда. Биылғы оқу жылында техникалық-материалдық базамыз жаңа жабдықтармен толықтырылып, өндірістік тігін машиналарымыз жаңартылды.
Өркениетті мемлекеттің гүлдене түсуі өскени ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, кәсіби біліктілігі мен білімділігін талап етеді. Қазіргі таңда еліміздегі білім және тәрбие беру саласының жаңаруы қазақ халқының дәстүрлі өнер түрлерін зерделеуді, оның айналасындағы тәлім-тәрбие, тәжірибемен жас ұрпақ санасына сіңіруді қажет етеді. Сондай қажеттіліктің бірі – халықтың қолөнері, оның ішінде тігін өнерінің тәрбиелік маңызы зор.
- Қазақтың ұлттық тігіс тігу өнері тарихқа бай, мазмұны терең. Ата-бабамыздың мәдени мұрасының тарихын білмей, жаңа заман талабына сай туынды жасау мүмкін емес, - дейді өндірістік оқыту шебері. Жанар БАРАҚБАЕВА. - Туындының тамыры ерте заманның мәдени мұрасынан нәр алып, жаңа өмірдің бәсекеге қабілетті талаптарына сай болуы керек. Бүгінде ұлттық өнерімізге деген қолдау артып келеді. Колледжіміздің тігін цехында тігіншілікке маманданып жатқан білім алушыларымызбен бірге бірнеше ұлттық және заманауи сәнді киімдер тіктік. Бізде оған қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Аталмыш жұмыстар өндірістік оқыту шеберлерінің шеберліктерін шыңдай түсумен қатар оқушылардың да өз мамандықтарына деген ықылас-ынтасы мен сенімділіктерін нығайта түседі деп ойлаймын.

- Колледжіміздің тігін цехының материалдық-техникалық базасымен ауыз толтырып мақтана алатындай дәрежедеміз, - деп атап өтті өндірістік оқыту шебері Манат БЕКЕТОВА. - Мәселен, «Brother Entreprenuer Pro» маркалы кестелейтін тігін машинасы облыс бойынша екеу ғана дейтін болсақ, соның біреуі біздің цехымызда. Сондай-ақ, кестелейтін «Brother Innovis V7» маркалы және ілмектеулі тігістерді орындайтын «Janome Cover Pro II» маркалы тігін машиналары бар. Аталған тігін машиналары матаға неше түрлі заманауи бедерлер өрнектеп, сан түрлі тігіс түрлерімен жұмыс жасайды.
Жуырда тігін техымыз жаңа жабдықтармен толықтырылды. Атап айтқанда, жаңадан SHUNFA 8700 өндірістік тігін машиналары алынды. Бұлардың ішінде өндірістік торлау машинасы мен өндірістік «зиг-заг тігісті» жүргізетін заманауи қондырғылар бар.


474