Жаңалықтар
09 сәуір 2021 ж, 17:39

Он бес баланың анасы

Қазіргі таңда білім беру саласында ер азаматтарға қарағанда нәзік жандылардың қатары қалың. Кешегі кеңес кезеңінен қалыптасқан үрдіс солай. Ұстаздық, оқытушылық – әйелдер қауымының қолайына көбірек келетін мамандық болып келеді. Бұл заңдылық. Неге десеңіз, балаға әйел адамның жүрегі жақын. Отбасында да солай, өйткені ананың жүрегі нәзік, мейірімге толы. Оның жүрек жылуы мен мейірім шуағына шомылып өскен жас өскіннен күмәнсіз ізгілік күтуге болады, оның келешегі кемел болмақ.
Мен әріптестерімнің арасынан осындай үлкен жүректерді жиі аңғарам. Шәкірттерін туған баласындай көріп, сол үшін қамығып та, қуанып жүретін ұстаздарды көргенде көңілім толқиды. Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында олардың әрқайсысы бір-бір мақаланың кейіпкері болуға лайықты, алайда бір нөмірге сыйғызып, түгел қамти алмайтынымыз анық. 
Ұжымға енді-енді еніп, ортаға ептеп сіңісе бастағаннан-ақ көңіліме жылыұшыраған апайлардың бірі Бақыт Бекмұратова болды. Жылыұшырады екен деп, жақын тартып, етене араласып кеткеніміз жоқ, дегенмен оның мейірімді жүзі, жылы көзқарасы адамды өзіне тартып тұратын. Мен ғана емес, барлық әріптесіміз де оны ерекше құрметтейтінін аңғарып жүрдім. Әйтеуір, ол кісі отырған жерде ғаламат бір тылсым энергиясы бардай көрінеді. 
Бір күні бүкіл әріптестеріміз ол кісіні қаумалап, туған күнімен құттықтап жатыр екен, дүрмекке мен де қосылдым. Әдеттегідей барлығы тілек айтып жатты. Сол жерде апайдың он бес (!) баланың анасы екенін білдім. Құдай көпсінбесін, тіл-көзіміз – тасқа! Мен жоғарыда айтып өткен сиқырлы энергияның,  жұмбақ жылы жаратылыстың, тартымды тартылыстың барлығы неліктен Бақыт апайдың бойына тоғысқанын сол жерде білгендей болдым. Жаратқан Ие назары түскен пендесінен ештеңесін аямайды ғой, шүкір, мына апайымызға де берген екен деп тәубе еттім. 
Одан кейін біршама уақыт өтті. Газетіміздің осы нөмірін оқу орнымыздың нәзік жандарына арнамақ ниетке тоқталғаннан-ақ бірінші кезекте Бақыт Шынболатқызы туралы жазуды шешіп, ол кісіден балаларының кім болып ержеткендерін, немен айналысып, қандай тұлға болғандарын сұрай бастадым...  
Он бес балаға ана болу кез келген адамның қолынан келмейтін ерлік, екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ екені аян. Ал оларды Бақыт апай сияқты тәрбиелеп өсіріп шығу - ерліктің ерлігі. Апайымыздың Бақыт деген есімінің өзі – жазмыштың жазуы шығар. 
Мен апайдың балаларының тізімін көргенде әдепкіде тосырқап қалдым. Өйткені, ішінде мен бұрыннан сыртынан танитын, еңбектерін білетін, кейбірінің атына қанық тұлғаларым тұрды. «Шынымен сіздің балаларыңыз ба?» деймін апайға. «Ия» дейді сабырлы жымиған күйі. 
Балаларының тізімінің басында Досай Кенжетай тұрды. Қазіргі таңдағы елімізге танымал дінтанушы, мәдениеттанушы, теолог ретінде белгілі философ, ғалым ағамызды кім танымайды!? Қара халықты былай қойғанда, көзіқарақты жұрттың бәріне белгілі тұлға емес пе? Мен оның Яссауи туралы еңбектерін оқығаным да бар еді... 
Өткен жылдардағы «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасына енген жерлесіміз, қазақтың қыздарынан шыққан тұңғыш халықаралық әскери және саяси журналист Назгүл Кенжетай да Бақыт апайымыздың қызы екен. Оның әлемнің талай-талай шиеленіс нүктелерінен таратқан ақпараттарын баршамыз көрдік.
Апайдың басқа балаларына қысқаша тоқталып өтсек, Сапарғали Кенжетай – «Аль Хилиал Ислам» банкінде қаржыгер, Олжас Тұрсынбаев -  қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, Ержас Тұрсынбаев – облыстық дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог-дінтанушысы. 
- Өмірдің жақсы-жаманын, ыстық-суығын көрдік. Қолымнан келгенін балаларымнан аямадым. Мінеки, соның арқасында бүгінде жемісін жеп отырмын. Шүкір Аллаға! Сабырлылық – мұратқа жеткізеді екен. Сабырлылық етіп, ниетіңді түзу ұстасаң, ешқандай жамандық көрмейсің.  Сіздер де мен құсап балаларыңнан рақат көріңіздер, - деді анамыз еміреніп.
Бұл – өнеге сөзі. Өмір сүрудің кілті. Бақыттың кілті. Бақыт апайдың батасы. Әумин!
Ғабит КӘДІРБАЙ 
594
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan