Жаңалықтар
17 сәуір 2021 ж, 22:53
Нағыз ерлердің мамандығы
17 сәуір - байырғы өрт сөндірушілер үшін ерекше күн. Бұл күні жыл сайын өртке қарсы қызмет саласының қызметкерлері өздерінің кәсіби мейрамдарын атап өтетін еді.
Қоғамымыздағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші маман қызметі. Күн сайын табиғи апат салдарынан немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан туындайтын өрттермен бетпе бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі шын мәнінде оңай емес.
- Нағыз ер азаматтарға, жүректілерге ғана тән мамандық үлкен батылдықты талап етеді, - дейді колледжіміздің арнайы пән оқытушысы, I санатты құтқарушы Сәрсенбай Қошқаров. - Өртті тез сөндіру үшін, ержүрек адам болу аз, ол үнемі физикалық тұрғыдан дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу амалдарын білетін білікті маман болуы қажет.
Расында да, өрт сөндірушілер әр минут сайын өз өмірлерін тәуекелге байлап, өзіне қауіп төндіреді. Кез келген уақытта қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығына қарамастан отқа да, суға да түседі. Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Төтенше жағдай кезінде өзінен бұрын өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылады. Сондықтан олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірінен саналады.
- Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл күні біз «отты майданнан» қайтып оралмаған әріптестермізді қайғыра еске аламыз. Қызылордалық өрт сөндірушілер Арман Төлеубаев пен Арғын Әшірбековті жерлестері мәңгі есте сақтайды. Бұл азаматтар өмірден кетсе де, көңілден кетпейді. Олардың ерліктері жас ұрпаққа абырой мен міндетті сезіндіріп, патриотизмге тәрбиелейді. Даңқты өрт сөндірушілердің жаңа толқыны олардың қайсар ерлігін үлгі тұтады, - дейді өз ісінің маманы.
796