Жаңалықтар
08 мамыр 2021 ж, 12:12
Өшпес із
Менің атам Жалғасбаев Шамшат 1922 жылы 6 маусымда Қармақшы ауданы Ақжар кеңшарында (Дауылкөл) дүниеге келген.
1941жылы 19 жасында соғысқа аттанып, Украина, Молдавия және Белоруссия майдандарында шайқастарға қатысқан. Бірнеше рет жарақат алады.
«Партизандар отрядында жүргенде жау қолына түстім. Немістер оң қолымның қарына айқыш таңбаларын күйдіріп басып, таңбалап қойды. Бір күні тұтқындағы үш жауынгер амалын тауып қамап отырған землянкадан қашып шықтық. Жолда орман ішінен бір әйелді жолықтырдық. Қолында құқндақтаулы баласы бар. Сол әйелдің соңынан еріп, жолымызды, бағытымызды айқындап, өз-өзімізге келгендей болдық. Көмектеспек ниетпен әлгі әйелдің баласын көтерісіп жүруді сұрасақ, жолатар емес. Сөйтсек, құндақтаулы бала дегені – ораулы винтовка болып шықты. Қаруланып алдық та, қайтадан өзіміздің партизан отрядына келіп қосылдық», - деп айтып отырады екен атамыз.
Бір қиян-кескі шайқастың үстінде жауынгер атам снаряд жарықшағынан ауыр жарақат алып, бір құлағы мүлде естімей қалса да соғысты жалғастырады. Туған елге соғысты аяқтап оралады. Ұрыс даласында көрсеткен ерліктері үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталған.
1946 жылы әжеміз Кәрібаева Дәмегүлмен отау құрып, 6 қыз 4 ұлдың әкесі атанады. 1973 жылы өмірден өткенше Ақжар, Қуаңдария кеңшарларында есепші, ферма меңгеруші қызметтерін атқарады.
Нұржамал ӘБДІСАДЫҚ
279