Жаңалықтар
03 маусым 2021 ж, 18:37

DURACELL

   Коллективте күллі сұрағыңның жауабын ала алатын бір адам бар. Бүкіл сырыңды соған айта бересің. Емін-еркін сөйлесесің. Тіпті, жұмыстан тыс жеке мәселеңді де соған айта бересің ғой. Қағазға көміліп отырса да, онысын сәл былай ысыра тұрып сені тыңдайды. 
   Жалғыз мен емес, бүкіл ұжымның мүшелері үшін солай. Кез-келгеніміз жаңалығымызды алдымен соған хабарлаймыз. Біреудің үйінде қуанышты не қайғылы жағдай боп жатса алдымен соған хабарлаймыз. Ұжымдағы күйеуге «қашып» кеткен қыз да кеткенін алдымен осы кісіге хабарлайды. Босанып жатқан келіншектер де есін жия сала қолына телефонын ұстаған кезде, бірінші кезекте осы кісінің нөмірін іздейтін шығар... Әңгіме – Гүлфайруз АСҚАРОВА туралы. 
   Бұл  кісіні колледжіміздің құрылтайшылары – Мирамбек ағай мен Зәуреш апай «Duracell» деп атайды екен. Осының мәнісін білсем де, өз аузынан естиін деп Зәуреш Қадірқызынан барып сұрадым:
–Ағайыңның қойып жүрген аты ғой. (күліп) Дәл қойылған ат. Ешуақытта оның батареясы «отырмайды» ғой. Таңертең келгенде қалай жүгіріп жүрсе, кешке дейін солай жүгіріп жүреді. «Мен мынаны істеп жатырмын», «мен бүйтіп жатырмын» деп те айтпайды. «Жақсының жақсылығын айт» – сондай жақсы бала енді. Өткенде ауырып, денсаулығы болыңқырамай жүргенде де жұмыста жүр ғой! Неғылған адам-ей, мен айтам: «Таста жұмысты. Бітер. Денсаулығыңды ойла». Елгезек. Көп нәрсені біледі. Бірақ білген нәрсесін ешуақытта «мен біліп отырмын-ау» демейді. Біреулер кішкене білгенін айқайлап айтады ғой, ал бұл бәрін білсе де, үндемей соны атқарып жүре береді. Қызмет дәрежесін көтерейін десең «жо-жоқ» деп, басын ала қашады. Сөйте тұра, сол қызметтің жұмысын істеп отырады.  Бойы шағын болғанымен, істеген жұмысы – сойқан. Жұртты бір жерге жіберсең, ол барам дегенше, Гүлфайруз сол жақтан келе жатады ғой. Жаңағы «Дюрасел» дегеніміз сол ғой. Басқа батареяларға қарағанда ұзақ жұмыс істейтін, ешқашан отырмайтын, сапалы дүние. Сонымен салыстырып айтып жүргеніміз ғой. Өйткені, Гүлфайруз демалыс, мереке күндері де жұмыста жүреді. Бір қабағын шытпайды.  Біреумен бір шекісіп жатқанын көрмеппін де, естіген жоқпын. Өте сыйлы. Семьясында да құрметті.  Жұрттың бәрін жақсы көреді. Анаған да, мынаған да көмектескісі келеді, – апайдың реңінен, толқи сөйлеген әңгімесінен шын ризашылықты аңғарасың.
   Гүлфайруз Сапабекқызы туралы барлық әріптестеріміз тоқтаусыз жылы лебіздерін айта жөнелуге бар. Маусым айында осы бір аяулы жанның туған күні екенін, колледждің күллі тірлігімен зыр жүгіріп жүретін тұрымтайдай ғана кісінің көңілі көтеріліп, серпіліп қалсын деген ниетпен газетіміздің осы санына бір материал дайындап жатқанымды, соған апай туралы қандай пікір айтасыз деп колледж әдіскері Орынкүл апайға және кадр бөлімінің меңгерушісі Айнұр апайлардан сұрадым. 
   «Кісі алалауды білмейді. Әйел адам болып біреудің сыртынан әңгіме айтып жатқанын көрмейсің, есесіне, біреу сөйтіп жатса, «қой, олай айтпа» деп жүреді» – деген Орынкүл апайдың сөзін Айнұр құрбысы жалғастырды: «Сонымен қатар сондай кіршіксіз тазалығы мен адалдығына қос аңғалдығы мен аңқаулығы бар. Шашылып жүреді. Елдің бәріне көмектескісі кеп тұратын қамқор. Аңғалдығы бар дедім ғой, барлығына сеніп жүреді. Түрлі жарнамаларға да сеніп, соған ақша салып, соңынан алданғанын бір-ақ біліп, өкінгені де қызық, күліп айтып жүреді».
   Гүлфайруз апай туралы ұстазы, анасы іспеттес Зәуреш Қадірқызынан асып, бірге жүрген әріптес қатар құрбылары Орынкүл мен Айнұр апайлардан артық не лебіз айта алайын? 
   Екі жылға жуық қызметтес боп келе жатырмыз. Жұмыс барысында түрлі жайттар орын алып жатады. Сонда Гүлфайруз апайдың ұстаз жүрегінің, ана жүрегінің соншалық мейірімге толы екендігіне сан рет көзім жетті. Білім алушылар арасында, бала болған соң тентектігі мен бұзықтықтары болмай тұра ма? Сондайда көбіне тәрбие саласына жауапты болған соң мен жүрем. Жай айтқанды құлаққа іле қоятын бала қайда, кейде дауыс тонын асырыңқырап жеки сөйлеп жатамыз, кейде инспекторды шақырып (кішкене сескенсін дейсің ғой) соны араластырып жатамын. Баланы ішің жақсы көріп, соның дұрыс боп кетуіне тілектес боп жан-тәнің елжіреп тұрса да, әлгіндей образ жасап алатын ұстаз дейтін әртіс халық емеспіз бе, қатқылдау әрекет ете бастағанда Гүлекең үнемі оқушы жақта болады. Шынайылығын бүркемелей алмайтын ақкөңіл, адалдығына басып, қандай бұзықтық жасаған бала болса да, сөзін сөйлейді. 
   Бірде бір оқушымыздың басында мәселе туындап топ жетекшісі, осы мақаланың кейіпкері және мен үшеуміз салып ұрып сонда бармаймыз ба? Ана жерде түймедей ғана мәселе зорайып түйедей бола бастады. Көз алдымызда мәселе ушығып, баламызды босатпай жатыр. Түннің бір уағы. Гүлекеңнің қандай адам екенін білемін ғой: «мейлі енді, ата-анасы ертең келіп алар, біз қайтайық» – деймін ғой жорта,  куратор әріптесіме «үндеме» деп ым қағып қойып. Сонда   Гүлфайруз апайдың жүрегі атқақтап, сөмкесінен дәрісін қармана бастаған күйі «Қайтайық деп қалай айтып тұрсың? Мен отырам осы жерде, қашан босатқанша? Көзін жәутеңдетіп қалай қалдырып кетеміз?» деп талықсып кетпесі бар ма? 
   Ана жерде бізді тыңдамай тұрған полиция қызметкерлері, олардың да жүректері бар ғой,   құрақ ұшты да қалды. Біреуі жүгіріп су әкеп беріп жатыр, енді біреуі апайды демеп апарып орындыққа отырғызып жатыр. Күдірейіп тұрған жондары жығылып, жылы сөйлей бастаған қатулы кісілермен бар мәселемізді шешіп, баламызды жетектеп қайтқанымыз бар.
   Туған күні қарсаңында төл газетімізді пайдаланып Гүлфайруз ханымға күллі әріптестердің тілегін жеткізгім келеді. Құрметті Duracell апай! Ешқашан қуатыңыз азаймасын! Алла деніңізге саулық, отбасыңызға амандық берсін! Осы абырой биігінде асқақтай беріңіз!


Ғабит КӘДІРБАЙ
439
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Орынкүл Асанқызы
3 маусым 2021 18:37
Гүлфайруз Сапабекқызы туралы көптеген жылы лебіздер мен пікірлер айтуға болады. Жүрегі жылулыққа, адалдық пен мейірімділікке толы жан!  

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan