Жаңалықтар
«Кәтәлөк», «Нәкөнәй» немесе естен кетпес сол бір шақ
2017 жылы оң-солымызды енді тани бастаған шағымызда «Жас өркен» - қазіргі Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің жас түлегі атандық. Менің таңдауым «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығына түсті.
Колледжге келген жылы біздің топтың ең алғашқы жетекшісі марқұм Самат Оспанов ағай болды. Тобымыздағы 25 студенттің біреуі ғана қыз, қалғаны ер бала болды.
Студенттік өміріміз ағаймен бірге қызықты шақтармен басталды. Ол ұстазымызбен өткізген ең алғашқы осындай сәт – 17 қараша – Студенттер күні еді. Бізбен бірге ағай да жас балаша қуанып, «Күзгі бал» мен сынақ кітапшасын тапсыру кешіне дайындықты бастап кетті. Алғашқыда топтың атын табу оңай болмады. Ойлана келе ағайымыз бізге «Тоқта түскендер» деп атауды ұсынды, оған бәріміз қуана келістік. Осы сәттен бастап бір-бірімізге үйренісе алмай жүрген оқушылар етене араласып кеттік. Ойнап-күліп жүріп бір жылды да артқа тастадық.
Екінші курстан бастап мамыражай студенттік күндеріміз ала құйын дауылға айналып шыға келді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Байсалбаева бір апайды ертіп келіп «Бұл кісі топтың жаңа кураторы - Нағима апай» деп таныстырғанда бәріміз аң-таң болдық.
Апайымыз күнде таң атысымен бізді түгендеуге шығады. «Ұйықтап калдым» десең «Түнімен не бітірдің?» деп қыр-ізіңнен қалмайды. «Телефонмен қызбен сөйлестім» деп қалай айтасың, әйтеуір міңгір-міңгір етіп төмен қарайсың.
Біздің топ ең ұйымшыл болды. Сабақтан да, бұзықтықтан да, шараларға қатысу жағынан ең алдында болатынбыз. Колледжішілік қызықты шараларға біріміз қалмай атсалысатын едік. Тобымызда жүргізуші, музыкант, гитарада ойнайтын жігіттер бар да, әнші мен биші болмайтын. Басқа топтардың әншісі мен бишісін шақырып ашық сабақ өткізетін едік.
Бір күні апайымыз келіп «Күзгі балдың» өтетінін хабарлады. Жарыс шарты бойынша группадан жұп шығу керек екен. Бізде оған шығатын қыз жоқ болғасын ойлана келе басқа топтан қыз алуды шештік. Сөйтіп «Тігінші» мамандығында оқитын Рахия атты қызбен біздің Әлімжан жұп болып шықты. Енді қызық басталды. Шарттары да қиын еді, ішінде танымал тұлғаға пародия жасау мен ұстазыңмен бірге өнер көрсету деген сияқты жарыс талаптары бар-тын... Пародия жанрына «Шымкент шоу» театрындағы Күлпаш, Кәтәлөк және Нәкөнәйдің рөлін сомдадық, көрініс керемет болды деп барлығы күлкіге қарық болды.
Содан «Ұстазбен бір өнер» сайысы келіп жетті. Билей алмайтын апайлардың билегені қызық болды. Әні бір жақта, биі бір жақта... Сөйтіп жүргенде төрт жылымыз да өтіп кетті. Сәтін салса биыл диплом аламыз. Құрметті ұстаздар! Сіздерге біздей тентек жігіттердің барлық қызығын және қылығын көтергендеріңіз
үшін алғысымыз шексіз!
Жандос ОРАЛ,
Э-17-9 оқу тобының түлегі