Жаңалықтар
16 маусым 2021 ж, 21:12

«Басты борыш – азамат деген атымызға дақ түсірмеу»

   Мамырда Қостанайда ұлттық спорттың жекпе-жек түрінен жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстан Республикасының Кубогы өз мәресіне жеткен болатын.  Байрақты додада еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ден астам жас спортшы бақтарын сынап, сегізбұрышта өзара мықтыны анықтады. Аталмыш чемпионатта 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Текей батыр Қарпықұлы атындағы колледжінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 1-курс студенті Айдын Иманғали чемпион атанса, биылғы жылы оқу орнымызды «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бітіргелі отырған ағасы Қожахмет Иманғали күміс жүлдегер атанды. Сөз кезегі – чемпионға. 
   –Айдын, жарыс туралы айтып өтсең. Дода барысында қанша жекпе-жек өткіздің?
   –Жарыс барысындағы төрт жекпе-жек өткізіп, финалда ақтөбелік қарсыласымды жеңіп, жарыс жеңімпазы атандым. Бастысы, бапкерлерімнің айтқан ақылдары мен қойған тактикалары бойынша жақсы жұмыс атқарып, ойдағы мақсатты орындадық. Барша қолдаушыларыма, ата-анама, бірге оқитын достарым мен ұстаздарыма мың алғыс. Жеңісім туралы естіп, құттықтап жатыр.

   – Газетіміздің алғашқы сандарында сенің кезекті бір турнирден жеңіп келгеніңді сүйіншілеп жазған едік. Жалпы, спортпен қай уақыттан бері айналысып келесің және спорттың жекпе-жек түрін таңдауыңа не себеп? 
   – Спорттың бұл түрімен біржарым жылдан бері айналысып келемін. Спорт залына мені туған ағам, колледжіміздің құдай қаласа биылғы түлегі Қожахмет жетектеп алып келген болатын. Осы жарыста ағам да 70 келі салмақта сынға түсіп, күміс жүлдеге ие болды. Аз уақыт бұрын Қазақстан чемпионатында да екінші орын алып еді, осы жолы нәтижесіне аздап ренжулі. 
   Содан бері Бексұлтан Тұрсынов, Ербол Байназаров сынды бапкерлерден тәлім алып, облыстық, аймақтық турнирлерде жеңіске жеткенім болмаса, көп жарыстарға әлі шығып үлгергенім жоқ еді. Спорттың жекпе-жек түрін таңдауым – мұнда тек мықтылар ғана жеңіске жетеді. Бұра тарту, төрешілердің күмәнді шешімдер шығаруы бұл спорт түрінде жоққа тең.
   – Ережесіз жекпе-жек өнері қазір ең танымал спорт түрлері қатарына еніп, тіптен бокс көрермендерінің назарын да өзіне аударып алған. Қазіргі әлемдік деңгейдегі сегізбұрыштың серкелерінен кімге еліктейсің?
   – Мен ешкімге еліктемеймін!(күліп) 
  –Бұрын балалар Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо, Геннадий Головкин сынды бокс шеберлеріне еліктеп, соларды үлгі тұтатын. Қазір USC-дің жарық жұлдыздары Конор Макгрегор, Жозе Альдо, Хабиб Нұрмагомедов сияқтылардан өзің үлгі тұтатын, төбелесу стилін ұнататын файтерлерің бар шығар? 
   –Расымен де менде еліктеушілік те, басқаның төбелесу стилінен үлгі тұтарлық нәрсе іздеу де атымен жоқ. UFC немесе MMA жұлдыздарына фанат болып көрмеппін. Бәлкім Дастин Порьені ұнататын шығармын. Оның ерңбекқорлығы, көздеген мақсатына жетпей қоймайтыны, жаттығуға барын салатындығы үлгі тұтуға тұрарлық деп ойлаймын. Бірақ менің өз жолым бар. Алдымда – үлкен мақсат. Соның бәрін кезең-кезеңімен іске асырып, Алла қолдаса, маған да неге UFC-ге шықпасқа?.. Ол үшін тынбай жаттығуым керек.

   – Шыныңды айтшы, көшеде өзің қатарлы әлдекіммен ілінісіп қалсаң ақыл мен жұдырықтың қайсысына жүгінесің?
   – Спорт – мәдениет. Оны бұзақылыққа, жат қылықтарға қолдануға болмайды деп ойлаймын. Ұстаздарымыз, бапкерлеріміз біздің ең алдымен чемпион болуымызды емес, адам болып қалыптасуымызды қадағалайды. Спорт соған тәрбиелейді. Әлгіндей жағдайлар кездеспейді емес, арасында болып тұрады. Ол жерде ашуға ерік беріп, жұдырық ала жүгірсең, спорттық карьераға кері әсерін тигізіп қана қоймай, басқа да көптеген келеңсіздіктерге тап боласың. Соның бәрін әріден ойлап, өзімді сабырлылыққа үйретіп жүремін. Ақылды болуға тырысамын. Жекпе-жекте де қарсыласыңа қарағанда сәл ақылдырақ болсаң, жеңіс сенен айналып өтпейді.
   – Өте орынды. Сөз соңында отбасың, ата-анаң туралы айтып кетсең.
   – Әкем Нұрбек Дәулетбаев, анам - Мөлдір Жұманқызы. Екеуі де қарапайым ғана қоңыр тіршілігі бар адамдар. Отбасында үш ұл, бір қыз – төртеуміз. Мен үшінші баламын. Ата-анамыз балаларын қолдарынан келгенше адам болып өсіп шығуына тырысып жүр. Өнерге, одан қалды спортқа баулуда. Ата-ананың атына жаман сөз келтірмей, түзу жолдан ауытқымай, азамат деген атымызға дақ түсірмеу – басты борыш деп білемін.
   Мүмкіндікті пайдаланып, бір менің ғана емес, колледж қабырғасында оқитын әр баланың жетістігін қалт жібермей тілекші болып отыратын ұстаздарға алғысым шексіз! Сүйінші жаңалықтарыңыз көп болғай!

Әңгімелескен Ғ.КӘДІРБАЙ
566
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan