Жаңалықтар
04 қазан 2021 ж, 11:30

ҰСТАЗ

Мектеп қабырғасында менің физика, математика, химия деген сияқты пәндерге онша бейімім болмады. Сондықтан, жасыратыны жоқ, аталмыш пәндерден бала күнімде меңгергенім шамалы. Бәлкім бұл пәндерді оқытқан оқытушыларымыз қызықтыра алмады ма екен деп те ойланам осы күні... 
Айтпағым, өткен оқу жылында оқытудың дені қашықтықтан ұйымдастырылып, мұғалімдерге жаппай бейнесабақтар түсіру тапсырылған-ды. Менің аздап видеоға, фотоға түсіруге әуестігім, оны монтаждауға деген құмарлығым жеңіп, оның үстіне онлайн өмір де біраз нәрсеге бейімдегені бар, бірнеше әріптесімнің бейнесабақтарын түсіріп бергенмін. 
Бір күні Бақыт Сәрсенбаевтың сабағын түсірдім. Физикаға ұқсас бір тақырып еді сабағы. Есеп бар, формулалар дегендей... Сенесіз бе, мен әлгі сабақты бес минутта түсініп алдым! Өйткені, оқытушының сөйлеген сөзі, дауыс дикциясы, әрбір қимылы  тыңдаған жанды ұйыта баурап алады екен. 
Сол күннен бастап қолым қалт еткенде ағайды сағалайтын болдым. Қасында отырам. Өнегелі әңгімелеріне қанығам. Бойынан бегзадалық һәм зиялылықтың лебі есіп тұратын ағайды ұстаз тұттым. Ұстаз деген қасиетті ұғымның жиынтық образындай көрінеді осы адам. Қазан айының алғашқы жексенбісі - «Ұстаздар күні», оның үстіне газетіміздің кезекті нөмірі де осы мерекемен тұспа-тұс келгелі тұрған соң айтулы күн қарсаңында Бақыт Абайұлымен ұстаздық туралы аз-кем сырласуды жөн санадым.
- Ұстаздық мамандықпен келетін нәрсе емес, жүрегіңмен бірге пайда болатын туабітті қасиет деген ұғым бар. Сіздің түсінігіңізше ұстаз деген кім?
- Ұстаздың да ұстазы болады. Ол сенің біліміңе ғана емес, болмысыңның қалыптасуына әсер ететін тұлға. Шәкіртіне деген көзқарасы, оның келешегін ойлайтын, бар жақсылықты тілейтін адам. Қайда жүрсең де адам болыңдар, дұрыс тұрып, дұрыс жүріңдер деп оң бағдар сілтейтін жан. Бала күнімнен небір ұстаздың алдын көрдім. Тәлімдерін алдым. Білімдерін сіңірдім...
-Мектепті қайда оқыдыңыз?
-Мен мектеп қабырғасында 1960-1970 жылдары оқыдым. Ең алғаш Тасбөгетте мектеп табалдырығын аттадым.Одан кейін екі аудан қосылды да, оқуды Тереңөзекте жалғастырдым. Кейін әкемнің жұмыс   бабымен облыс орталығына қоныс аударып, 8-ші сыныптан бастап №140 қазақ мектебінде оқыдым. Сонда қазақ мектепте оқып жүрсем де, сабақты орысша айтушы едім. Себебі, ол заманның идеологиясы біздің келешегіміз орыс тілінде деген ұғымды бойымызға сіңірді. 
10-шы сыныпта бізде «Органикалық химия» деген оқулық жоқ-тұғын. Біз сыныптағы 2-3 оқушы орысша жарыса сөйлеуші едік. Мен әлгі органикалық химияның орыс тіліндегі нұсқасын қазақшаға аударып, аталмыш пәнді қатарластарыма қазақша оқытып, үйрететін болдым. Сонда менің ең алғашқы шәкірттерім – өзімнің кластастарым екен ғой деп ойлаймын. Осы кезден бастап-ақ мен мұғалімдікке бейімделіп, ұстаздық жолға қарай бағыт ала бастаған екенмін. 
Кейбір өте білімді мұғалімдер болады. Бірақ сол білімін оқушыға жеткізу жағы ақсап тұрады. Мәселен, мен Мәскеуге білім көтеру курсына барғанымда атақты бір ғалым адам сабақ берді. Бізге оқытып жатқан оқулықтың авторы да сол кісі екен. Әлгінің сабақ түсіндіргеніне «Осындай белгілі ғалым адам, мынадай еңбек жазған адам, неғып бізге өз жазғанын өзі түсіндіре алмай тұр?» деп күлдік. Сол сәтте біздің жетекшіміздің «Ол – автор. Ол тек жазады. Ал сендер оны оқушыға жеткізіңдер. Ол үшін сендер артист болуларың керек» деп айтқаны бар. Рас, біз – мұғалімдер, сахнада жүрген әртіс сияқты болуымыз керек. Мысалы колледжде сабақ уақыты 90 минут па, демек сен біржарым сағат жиырма оқушының алдында концерт қоюың керек. Автор жазған сценарийді біз ойнап беруіміз керек. Біздің техникалық мамандықтардың оқулықтарындағы ғылыми тілде жазылған дүниелерді біз оқушының деңгейінде, қарапайым тілмен, бар өнерімізді көрсетіп ұғындыра білуге тырысамыз. Әртіс деп отырғаным осы. 
Қазір оқу үдерісінде небір методикалар, әдіс-тәсілдер шығып жатыр. Жыл бойы курстар өтіп, мұғалімдерге оқытып та жатыр. Бұл, бір жағынан, дұрыс та болар. Дегенмен, қанша оқығаныңмен, нешелеген методиканы білгеніңмен бойыңда туабітті ұстаздық қасиетің мен әртістігің басымырақ болу керек.
Мұғалімдік - жауапты жұмыс, өн бойыңнан ұстаздықтың лебі аңқып тұруы керек. Жүрген жүрісіңнен бастап, киген киімің, сөйлеген сөзіңе, жасаған қалт қимылыңа оқушылар қарап отырады. Сенен үлгі алады.
- Мен алғаш жұмыс жасаған мектебімнің «Мұғалімдер бөлмесінің» кіреберісінде «45 жыл мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабағыңа даярлан!» деп жазылып тұратын. Содан кейін қағазға қанша орашолақтау болсақ да, қалай болмасын «поурочныйсыз» сабаққа кірмеуді дағдыға айналдырдық...
- Ол дұрыс дағды. Қанша көп білсең де, әлгі 45 жыл бойы өтіп келе жатқан, жаттап алған тақырыбың болса да, сабақ жоспарыңды жазуың керек. Онсыз сабақ берілмейді. 
- Ағай, сөз соңына қарай жас әріптестеріңізге ой сала кетсеңіз...
- Менің бір мерейімді тасытатын мақтанышым бар. Оқушыларыма үнемі «Колледжде білімді жақсылап алыңдар. Ертең жоғарғы оқу орнына түскенде сендерге жеңіл болады» деп айтамын. Соның жемісі болар, ЖОО  оқытушылары, профессорлары хабарласып, бізге маманды жақсылап дайындапсыздар» деп алғыстарын айтып жатады. Мысалға, мен оқытқан оқушыларымның арасынан Сәкен Удербаев, Нұрлыбек Келмағамбетов деген ғалымдарды атап өтуге болады. 
- Нұрлыбек ағай маған университетте сызудан сабақ берген-тін. Есімде ерекше қалғаны, оның гельді сиямен ақ параққа баспа қарпімен жазған жазуы компьютермен тергеннен анағұрлым әдемі еді...
- Міне, басқаларын айтпағанда, осы екі шәкіртімнің өзі менің мерейімді тасытады. Әлі күнге рақметтерін айтып, кейде осында келіп менен ақыл-кеңес сұрап тұрады. Атақтары аспандап тұрған ғалым адамдар бола тұра, мені әліге дейін ұстаз тұтып жүреді. Мұғалім мерейі деген осы емес пе?
Адам жұмысынан ляззат алу керек. Сен қаншама дайындалып кеп сабағыңды өткізген кезде, оқушыңның сол тақырыпты түсініп тұрғанын аңғарсаң, соған марқайып, масаттанамыз. Өз басым кеудем керіліп, есіктен шыққан кезде қуанып шығамын. Жас әріптестеріме айтатыным сол, жұмыстарыңыздан ләззат алыңыздар! 
- Әңгімеңізге рақмет!
Ғабит КӘДІРБАЙ.
 
Сәрсенбаев Бақытбек Абайұлы - Алматы теміржол көлік инженерлері институтын 1979 жылы «Өндірістік және азаматтық құрылыс» мамандығын инженер-құрылысшы квалификациясымен аяқтаған. 
1979 жылы «Ақтөбе жол құрылысы» тресіне қарасты Қызылорда қаласындағы «СМП-355» құрылыс мекемесінде құрылыс шебері, прораб қызметін атқарып, 1980 жылдың қазан айынан бастап Қызылорда политехникалық техникумына оқытушы қызметіне қабылданған. 
1997 жылы политехникалық, ауылшаруашылық және теміржол көлік колледждерінің бірігуімен И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық колледжісінде «Құрылыс құрылымдарын есептеу негіздері» және «Құрылыс өндірісінің технологиясы мен ұйымдастыруы» пәндерінің оқытушысы. 
1985-1997 жылдар аралығында «Құрылыс» циклдік комиссиясын басқарған. 2001 жылдан Қазақстан­­-Ресей Халықаралық университетінің құрылыс кафедрасының доценті. 
2007 жылы политехникалық мамандықтар бөлімшесінің меңгерушісі болған. 2010 -2012 жыл аралығында «Азиаш» ЖШС-нің күрделі құрылыс бөлімінің басшысы. 
2012-2015  жыл аралығында  «Құмкөл Көлік Қатынасы» ЖШС-нің күрделі құрылыс бөлімінің бас маманы.
2015 жылдан Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің «Құрылыс материалдар» зертханасының меңгерушісі. 2016 жылы «Құрылыс материалдарының сапасын бақылау» атты оқу құралы жарыққа шыққан.
 
410
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan