Жаңалықтар
05 қазан 2021 ж, 11:35
Студенттер шығармашылығы

АРДАҚТЫ ҰСТАЗЫМ
Оқушың өлең арнапты,
Шын жүректен қабыл ал.
Арнаймын сізге бар тәтті
Өмірдің мынау нәрін әр.
Жүрегінде мейірімділік тұнады,
Мұқалтпайды оны өмірдің сынағы.
Білімі мен танылатын әлемге
Ақылыңа ақыл қосқан мұғалім.
Сіздерге арнап ән салсын ұл-қыздарың,
Таусылмайды жалындаған жырларым.
Мойындайды бүкіл әлем ұстазды
Мақсатыңның білгеннен соң бар мәнін.
Ұстаз деген екінші ана білгенге,
Қадірлерін білмейміз-ау жандарында жүргенде.
Дұрыс бағыт сілтейді олар шәкіртке
Кішіге – ізет, құрмет қыл деп үлкенге.
Ұстаздардың барлығы да әдемі,
Тұңғиық қой ұстаздықтың әлемі.
Бүр жарғанда қуанады марқайып,
Санамызға еккен білім дәнегі.
Ұстаздарым аман жүрсін әрдайым,
Олар үшін жырым әркез бар дайын.
Ұстаздардың ұлағатын ұғып ап
Алыстарға, арманыма самғайын!
Нұртөре САЙЛАУ,
А-20-9 оқу тобы.
ЕСТЕН КЕТПЕС ШАҚ
Біз – адамдар – арманшылмыз. Бәлкім, адамзат баласының басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы мен артықшылығы да осында болар.
Бала кезімізде мектепке баруды армандадық, мектепте – студент болуды, ал студент кезде – болашақта білікті маман иесі атанып, жақсы жұмыс табуды армандаймыз. Бірақ бізге ең тәтті есте қаларлық шақ – ол студенттік өмір.
Үлкен өмірге деген алғашқы қадамдардың осы кезеңдеріндегі әрбір сәт қызыққа толы, әрбір сәт есте қаларлық. 9 немесе 11 жыл мектепте бірге оқыған сыныптастарыңмен қош айтысып, жаңа өмірге, жаңа ортаға аяқ басасың. Көптеген адамдармен танысып, ортаңды кеңейтесің. Студент болып жүріп талай іс-шараларға қатысып, өзіңді дамытасың, жаңа қырларыңды ашасың...
Алғаш рет студент екеніңді сезінгенде бөлек әсерде боласың. Қалай алғаш рет оқу орнының табалдырығын аттағаның, курстарстарыңмен алғаш рет танысқаның мәңгі есте қалатын сәттердің бірі.
Өкінішке орай, біздің алғашқы курсымыз әлемде болып жатқан пандемияға байланысты онлайн өтті. Дегенмен, іш пыстырарлық болған жоқ, есте қаларлық көптеген қызықты жәйттардың куәсі болдық. Кеше ғана студенттердің тілінде «перваш», «балмұздақ» атанып жүрген біз, енді екінші курска өтіп, өзгелерге үлгі болатындаймыз.
Алғашқы курста барынша белсенді болуға, өзімізді көрсетуге, дамытуға тырыстық. Топ болып бірнеше сайыстарға қатысып, көптеген жүлделерді алуға, топтың атын тек жақсы жағынан шығаруға тырысатынбыз. Дебаттарқа қатысып, қызықты тақырыптарды талқылаймыз, әңгімелесеміз, жарысамыз. Группаластармен түрлі ойын ойнап, уақытты қызық өткізетінбіз. Міне біз үшін 1 курс осылай өтті.
Ал ендігі келген жас студенттерге тек сәттілік тілеймін! Бұл жыл оларға тек қызыққа толы болсын деп тілеймін. Әлемді жайлаған індеттің де беті бері қарап, аймағымыз «жасыл аймаққа» өтті деп шүкіршілік етіп жатырмыз. Демек, алдағы уақытта колледж қабырғасында болсын, одан тыс болсын, студенттерге, жастарға арналған көптеген мәдени-көпшілік шаралар өтеді. Сондай додалы жарыстар мен түрлі шараларда, қоғамдық жұмыстарда, оқу үдерісінде белсенді болуға шақырамын!
Жаншекер ӘБУТӘЛІП,
А-20-9 оқу тобы.
364