Жаңалықтар
06 желтоқсан 2021 ж, 11:28

«Анамның саусағының табы түскен, Ағажан, жан-қалтаңда құртың бар ма?»

22-26 қараша күндері колледжімізде гуманитарлық-жаратылыстану пәндер бірлестігінің апталығы ұйымдастырылды. Апталық аясында өткен ашық сабақтардың бірі — Қ-21-9 оқу тобындағы «Қазақ әдебиеті». 
Апталық жоспарланып жатқанда қандай тақырыпта сабақ өтетініміз сұралды. Ұзақ мерзімді жоспарыма сәйкес (ҰМЖ) көз ол аптада Жәркен Бөдештің «Жалғыз» поэмасы тұр екен. Ақын ретінде ең жақсы көріп оқитын авторларымның бірі еді Жәркен көкеміз. «Балуанға оң-солы бір» дегенмен, дәл осы тақырыптың кеп тұрғанына ерекше қуандым. Оқу жылының басында оқушыларға Жәркен Бөдештің бір-екі өлеңін оқып та бергенім бар. Демек, оқушыларым аталмыш ақын туралы біледі. 
«Қызға баратын күні ай жарық болдының» кері келіп, дәл мен ашық сабақ өтетін күні сабағыма кіреді деген біраз әріптесім тест орталығына сынақ тапсыруға кетіп қалыпты. Мұғалім үшін сабағын барынша көп адамның көріп, талдағаны да мәртебе ғой. Бірақ бүгінгі жағдай мынадай... Нартәуекел деп телефоныммен фейсбук желісінің тікелей эфирін қосып, оны штативке қыстырып қойдым. Сабағыма колледж әдіскері Орынкүл Асанова, Жастар комитетінің жетекшісі Назерке Жақсығұлова, арнайы пән оқытушысы Мақтагүл Орымбаева және тағы басқалар қатысты.
Сабақты көңілді ойынмен бастауға шештім. Әдетте, оқушыларды жинақтап, назарларын сабаққа аударуда үлкен септігін тигізетін әдістер көп-ақ. Соладың біріне ұқсатып, «Шумақтың сыңарын тап!» деген ойын ойлап таптым. Оқушылардың жартысына Тәуелсіздік туралы өлеңдердің әр шумағының алғашқы екі қатарын, қалған жартысына екі қатарынан үлестіріп шықтым. Ойын шарты бойынша алғашқы екі қатарын дауыстап оқығанда, қолында шумақтың қалған жалғасы бар оқушы ұйқасына қарай анықтап, шумақтың бастапқы екі қатарын оқып тұрған оқушының жанына келіп тұруы керек. Осылай барлық шумақ құралып біткен соң, өз ретімен тағы бір оқылады. Қызық жері де де осы жер болуы тиіс деп топшылағанмын. Өйткені, кейбір қате жұптасқан шумақтар дауыстап оқылғанда күлкілі болып,  топтың сабақ алдында көңіл-күйлерін бір серпілтіп алуы тиіс болатын. Бірақ, қазақ деген ақын халықтың балалары емес пе, болашақ құрылысшылар болғанымен бір оқушыдан басқасы түгел дұрыс жұптасыпты.
Осыдан соң «Пазл» әдісі бойынша оқушылар үш топқа бөлініп орналастырылды. Ол әдіс бойынша Ай, Күн және Жер суреттері құрастырылды. Бұл үш сурет те жаңа сабақ – Ж.Бөдештің «Жалғызымен» тікелей байланысты еді. 
Өткен сабақтың үй тапсырмасы Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» болатын. Пьесаның бір сахнасын рөлдерге бөліп ойнап беру тапсырылған-ды... Бұл тұрғыдан оқушылар мен ойлағаннан да артығырақ алып шықты деп айта аламын. Тіпті кейбіреулерінің актерлік қабілеттеріне тәнті болдым. Үй тапсырмасын сұрауда оқушылардың түгел қамтылуы үшін, қалған оқушылар арасында пікірсайыс ұйымдастырылды. «Бесеудің хатындағы» оқиға 1932 жылы елде ашаршылық боп жатқан кезді суреттесе, сол ашаршылыққа басты себеп болған Голощекиннің «Кіші Қазан» идеясы мен күштеп ұжымдастыруы еді. Міне, осы жерден пікірсайыс үшін «Бұл партия Қазақстандағы күштеп ұжымдастыруды ақтайды» деген қарар шығарып алдық. Жеребе тасталып, үкімет пен оппозиция анықталды да, пікірсайыс қызып сала берді. 
Үй тапсырмасы бойынша оқушылар өз-өздерін бағалады. 
Жаңа сабақ түсіндірілердің алдында Жәркен Бөдеш туралы видео көрсеттім. Бір оқушы автордың «Туған жер» өлеңін жатқа оқыды. 
Туған жердің доңызы,
Қан-жоса ғып жарып кет.
Туған жердің қоңызы,
Домалатып алып кет! – деп, туған жердің адамзат баласы үшін қаншалықты қадірлі әрі құнды екендігін паш ететін осы бір туынды кім-кімді де тебірентпей қоймасы белгілі.
Ұқсайсың меніменен бір туғанға,
Ұқсайды мінез-құлқың, түр-тұлғаң да.
Анамның саусағының табы түскен,
Ағажан, жан-қалтаңда құртың бар ма? – деп келетін тағы бір әйгілі өлеңін де еске алды оқушылар. Оқу жылының басында әңгіме арасында оқып кеткен аталған өлеңдердің балалардың саналарында қалып қойғанына көңілім көтеріліп қалды. 
Сабақтың келесі бөлігінде үш топқа әр түрлі тапсырмалар жүктелді. Алғашқы «баяндаушы» топ «Жалғыз» поэмасын мәнерлеп оқыса, екінші «белгілеуші» тобы поэмадағы көркемдегіш құралдардың орны мен қызметін талдады. Ал үшінші топ «Құрастырушы». Олардың міндеті – шығармадағы көркемдегіш құралдарың қызметі туралы сұрақтар дайындау.
Бұл кезеңнен соң оқушылар топтық бағалауға жүгінді. Сабақтың келесі кезеңінде  «ПОПС формуласы» әдісі арқылы оқушыларға «Жалғыз болу оңай ма?» деген тақырып ұсынылды. Осы тақырып аясында шығарманың идеясын адамгершілік құндылық тұрғысынан талдап, өзіндік көзқарасын білдіріп, тиісті құрылымда 150-180 сөз көлемінде әдеби эссе жазылды. Бұл кезеңнен соң оқушылар бірін-бірі бағалап, барлық үш кезеңнің нәтижелері бойынша ортақ баға шығарылып, қорытындыланды.
 
Ғабит КӘДІРБАЙ, 
қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні оқытушысы.
 
1 617
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan