Жаңалықтар
02 қаңтар 2022 ж, 21:12

2021 жыл несімен есте қалды? Әріптестер жауабы

Өткен жылға өкпе жоқ. Тоқтап қалған жоспарлар қайта жалғасып, той-томалағымызда адам қарасын көбейтуге де батылымыз жете бастады. «Ескі жыл мен үшін несімен есте қалды?» дегенде, бұл жыл алғашқы жыр жинағымның жарық көруімен ерекшеленді ғой деймін. Он жылдан астамғы шығармашылығымды жиыстырып, баспадан шығаруға мүмкіндік алған жылымды осылай еске алатын шығармын.
Аталмыш сауалды колледждегі әріптестеріме де қойған болатынмын. Жауап беруге құлық танытпағандарын айтпағанда, бұл жылдың жұмыстастарымның кейбірі үшін де ерекше есте қалдырардай себептері жоқ емес екен.
Осы сұрақты алдымен кіші қызметкер Гүлжан апамызға қойғанда, ол «Бұл жыл сыныптастарыммен 50 жылдан соңғы кездесуімізбен есте қалды» деп жауап берді. «Мектеп бітіргелі көріспеген сыныптастарым да болды. Жарты ғасырдан кейінгі кездесуде алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын», - деді толқыныспен.
Ал Димаш Тлеубаев ескі жылды колледждегі спорт кешені құрылысының басталуымен есте қалдырады екен. «Мирамбек ағайдың көптен бергі ойға алып жүрген, бірақ реті келмей жүрген үлкен шаруасы еді. Ақыры соның сәті 2021 жылы келді. Мен үшін сиыр жылының ерекшелігі осы, дейді шаруашылық меңгерушісі.
Әдіскер Орынкүл Жалғасова бұл жылды ешқашан ұмытпайтынын, әрдайым есте сақтайтынын жеткізді. «Бұл жыл көптен аңсаған арманымның жүзеге асуының бастауы болған, үміт сыйлаған жыл болды. Бірақ оны сыртқа шығарып, жұртпен бөлісуге әзір асықпағаным дұрыс деп ойлаймын», - деді әріптесім. Арманы орындалып, жаңа 2022 жылы қуанышымен бөлісуге жазсын!
Математика пәнінің мұғалімі Нұргүл Ибрагимова 2021 жылды ешқашан ұмытпаймын деп отыр. Өйткені шетелге шығып, демалып қайтыпты. «Күздің басында Мысыр елінің Шарм эль-Шейх шаһарына барып он күн демалып қайттым. Алған әсерім ерекше. Теңіз жағалауында қыдырып, яхтамен жүрдік. Енді... айта берсек көп қой. Әлемнің жеті кереметінің бірі Египет пирамидаларын көзіммен көрдім». 
Тігінші апайымыз Мақтагүл Орымбаева бұл жылды қашықтықтан оқыту деген әуреден құтылып, оқушыларымен қайта қауышқан жылы болғандығы үшін есте қалдырған екен.  Тек қана шәкірт деп соққан ұстаз жүрегінен қалай айналмайсың! «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген осы да. Апайымыздың дені сау болып, шәкірттері мерейін тасыта берсін!
Биылғы оқу жылында колледжімізге жаңадан келген әріптестеріміз Сандуғаш, Іңкәр және Айтолқын жаңа коллективке, жаңа ортаға ауысқан жылымыз деп отыр. «Осындай ауызбірлігі жарасқан, ұйымшыл ортаға тез сіңісіп, өмірдің жаңа парағын ашқандай әсерде жүрміз. Осындай мүмкіндік сыйлаған жылды басқаша қалай есте қалдыруға болады?», - дейді олар. 
Шалқарбаев Алмат құрдасыма аталмыш сауалды қойғанымда: «Үйлендім» деген бір-ақ ауыз сөз айтты. Жылды есте қалдыру үшін бұдан асқан қандай себеп керек? Бақыт тілейміз!
Тікелей сұрап, тура жауаптарын ауызба-ауыз алмасақ та, бірлігі жарасқан ұжым болғандықтан кей әріптестеріміз үшін ескі жылдың несімен ерекшенетінін долбарлап жатамыз. Мысалы, Ботакөз Рахманқызы бұл жылы сәбилі болды. Дүниеге ұрпақ әкелуден басқа қандай қуаныш бар? Бөпесі аман-есен өсіп, саналы ұпақтар қатарынан болсын!
Сол сияқты, Манат қарындасымыз тұрмысқа шықты. Ол үшін 2021 жыл осынысымен есте қалатыны сөзсіз.  
Аз сөйлейтін, аз сөйлесе де саз сөйлеп... саз сөйлегені былай тұрсын, бір ауыз сөзімен «картопты жарып» сөйлейтін тағы бір әріптесіме (белгілі себептерге байланысты атын атамауды жөн көрдім) 
сұрақты былай қойдым: «Өткен жылы да «Жас өркен» газеті үшін осы сауалды қойған болатынмын. Сонда сен «2020 жылы абысындарым бөлек шығып, соған қуандым» деген болатынсың. Ал енді 2021 жыл несімен есте қалды?». 
Әйел затының да мұндай қалжыңқойы болады екен-ау, беті бір жыбырламай, асып-саспастан: «Соған әлі қуанып жүр деп жаза салсаңызшы» демесі бар ма? (Күлкіден жарылдым)
Баршаңызға тағы да жаңа жыл құтты болсын дей отырып, 2022 барыс жылы  тек қана жақсы жақтарымен, үлкен жетістіктерімен, қуанышпен есте қалсын демекпін!
 
Ғабит КӘДІРБАЙ
371
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОМинобразования и науки РКАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan