Жаңалықтар
РЕФЕРЕНДУМ - ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕР БАСТАМАСЫ
Конституциялық референдум өткізілетін күнге аз уақыт қалды. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт.
Республика бойынша өткізілетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беру үшін, қоғамдық ой-пікірді талқылап-таразылау мақсатында облыстық қоғамдық кеңестің және референдумды қолдау штабының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, жыршы Берік САЙМАҒАНБЕТОВ Текей батыр атындағы жоғары колледжінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
«Референдумға қатысып, ой-пікірлеріңізді ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін естен шығармаңыздар. Бәріміз бір кісідей жұмылсақ қана өзіміз қалағандай Қазақстанды құра аламыз. Президент Қ.Тоқаев айтқандай, Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Бұл дегеніміз – тарихи сәт. Өзгерістердің ең негізгілеріне «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен алшақтауды айтуға болады. Ата Заңға сәйкес ол барлық азамат үшін тең мүмкіндіктердің кепілі болуға тиіс. Сондықтан да конституциялық реформаға сәйкес енді Республика Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды», деді Берік Рахманұлы.
Ата Заңның шамамен үштен біріне өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Олардың негізгілері:
- Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік формасынан мықты парламентке ие президенттік формаға көшеді;
- президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынады;
- жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады;
- қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
- Қазақстанда өлім жазасы болмайды;
- мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады;
- сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
- мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.