Жаңалықтар
ЖЫРЫҢ БОЛЫП ТӨГІЛЕМІН, ЕЛІМ!
Басқа дауа жоқтай, жер басып жүрген пенденің шаттанған шақта өлеңнен қуаныш тауып, қайғырған кезде шерлі жүрегін өлеңмен жұбататыны несі? Құдіреті күшті Алла-Тағала жер патшасы – адамды жаратқаннан бері мына жалған дүние мың-сан өзгеріп, уақыт тасқыны талай ғасырды ағызып әкетіп, әлем бірнеше рет жаңарды. Осының бәрін танып-біліп, екі аяқты саналы тіршілік иесінің құдіретіне таң қалуды қойсақ та, өлеңмен сырласқанда әлі ешкім көрмеген ғаламның табалдырығынан аттағандай, жанымыз тыныштық таппай, неге қайта-қайта аласұрамыз осы?
...Бүгін Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің «Мәжіліс залында» өткен мәнерлеп оқу сайысы – аты сайыс болғанмен, задында нағыз поэзия кеші болды. Өлеңқұмар өрендер белгілі ақындардың отанға, туған жерге, тәуелсіздікке арнаған өлеңдерін нақышына келтіре, мәнерлеп, ең бастысы, жүрекпен тебірене оқыды. «Жырың болып төгілемін, елім» деп аталған бұл сайыс 25 қазан – Республика күніне арналған болатын. Осынау мерейлі мерекенің маңызын арттырған шаралардың бірі болды десек артық айтпаған болар едік.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қалманова Гүлзияның алғысөзімен басталған шараның қонақтары ретінде облыстық қоғамдық даму басқармасының мамандары Дүйсенбаева Асима және Бердалы Салтанат, сондай-ақ, облыстық Білім басқармасының бас маманы Шариева Жадыра қатысты. Аталмыш қонақтар колледждің жастар комитетінің жетекшісі Жақсығұлова Назеркемен бірге мәнерлеп оқу сайысына қазылық етіп, қатысушыларға өз бағаларын берді.