Жаңалықтар
03 ақпан 2026 ж, 09:29

Z ұрпағы және бүгінгі ұстаз: түсіну мен тіл табысу дәуірі

       Қай заманда да мұғалімге деген құрмет ерекше болғанды. Ақын Мағжан Жұмабаев  «Алты Алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» деген.  Бірақ дәл қазіргі кезде ғылымның күнде бір жаңалық тауып, ақпараттар ағынының жылдам таралған дәуірінде  мұғалімнің төрге озуы үшін ерен еңбек, терең білім, тоқтаусыз ізденіс және шәкіртпен теңдікке негізделген қарым-қатынас жасай алу қабілеті өте жоғары болуы керек.   Себебі, бүгінгі аудитория кешегідей емес...
      Қазіргі студент — Z буыны. Ол басқа дәуірде, басқа ақпараттық ортада өсті. Сондықтан оны бұрынғы тәсілмен түсінуге тырысу кейде нәтиже бермей жатады.
      Бүгінгі мұғалім – тек білім беруші емес, ол бағыт-бағдар көрсетуші, тыңдай білетін серіктес, кейде тіпті психолог. Себебі қазіргі студент – бұрынғыдай емес. Ол – Z ұрпағы. Цифрлық кеңістікте еркін жүзетін, ақпаратты жылдам қабылдайтын, әділеттілікке сезімтал, өз пікірін ашық айтуға бейім жас буын.
     «Ұстаз қандай болса, шәкірт сондай» дейді дана халқымыз. Ал бүгінгі шәкірттің болмысы өзгерген заманда ұстаздың да рөлі мен қарым-қатынас стилі жаңаруы заңдылық.
Z ұрпағы кім?
Z буыны – интернет пен смартфонды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған ұрпақ. Олар ұзақ лекциядан гөрі қысқа, нақты, мәнді ақпаратты ұнатады. Билікке емес, дәлелге сенеді. «Неге?» деген сұрақты жиі қояды. Сондықтан бұл ұрпақпен біржақты, үстем сөйлесу нәтиже бермейді.
     Бүгінгі мұғалім мен студент арасындағы қарым-қатынас бұйрық пен қатаң бақылауға емес, өзара құрмет пен сенімге құрылуы тиіс. Студент өзін тыңдайтын, пікірін бағалайтын ұстазды қабылдайды.
Z ұрпағы үшін «мен айттым – сен орында» қағидасы ескірген. Олар диалогты, серіктестікті қалайды. Осы тұста мұғалімнің коммуникациялық мәдениеті шешуші рөл атқарады.
    Z ұрпағын оқыту үшін мұғалім бойында төмендегі маңызды дағдылар болуы шарт:
1. Эмоционалды интеллект
Студенттің көңіл күйін, ішкі жан дүниесін сезе білу – үлкен шеберлік. Қатты сөз, немқұрайлылық Z ұрпағын тез жабық қылады.
2. Цифрлық сауаттылық
Онлайн платформалар, интерактивті тапсырмалар, жасанды интеллект құралдарын қолдану – бүгінгі педагог үшін артықшылық емес, керісінше қажеттілік.
3. Икемділік пен ашықтық
Сабақ форматын өзгерте алу, жаңа әдістерді қабылдау, студент пікіріне құрметпен қарау – заман мұғалімінің басты сипаты.
 
4. Мотивация бере білу
Z ұрпағы «осы білім маған не береді?» деген сұраққа жауап күтеді. Мұғалім теорияны өмірмен, болашақ мамандықпен байланыстыра алуы тиіс.
5. Әділдік пен шынайылық
Жасанды бедел емес, шынайы тұлға ғана Z ұрпағының сеніміне кіреді. Әділ бағалау – олардың басты талабы. 
    Қазақта «Бала – балқыған қорғасын, қалай құйсаң, солай қатаяды» деген сөз бар. Ал бүгінгі қорғасын – өте сезімтал. Сондықтан оған күшпен емес, жылумен, түсіністікпен ықпал ету маңызды.
   Z ұрпағын түсінген мұғалім – болашақты түсінген мұғалім. Ал болашаққа бейімделген педагог қашанда сұраныста болады. Білім мен тәрбиені ұштастыра білген ұстаз ғана жаңа дәуірдің шынайы көшбасшысы бола алады. 
                                                                               
   Перизат ІЗІМ
12
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОҚазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігіАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan