Жаңалықтар
02 мамыр 2026 ж, 13:32

Дропперлік: жеңіл табыс па, әлде заң алдындағы жауапкершілік пе?

Қазіргі цифрлық дәуірде интернет арқылы табыс табудың түрлі жолдары кең таралып, әлеуметтік желілерде «үйден шықпай-ақ ақша тап», «еш тәжірибесіз табысқа жет» деген жарнамалар жиі кездеседі. Алайда осындай тартымды ұсыныстардың астарында кейде заңсыз әрекеттер мен алаяқтық схемалар жасырынып жатады. Солардың бірі – соңғы уақытта кеңінен таралып отырған дропперлік құбылысы. Бұл ұғым көпшілікке толық таныс болмаса да, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Әсіресе жастар мұндай қауіптің мәнін жете түсінбей, оңай табысқа қызығып, өздерін қауіп-қатерге тігіп жатады.
 
Көзге көрінбейтін қылмыс
Дропперлік – өз атына рәсімделген банк картасын немесе шотын бөтен адамдарға пайдалануға беру. Мұндай ұсыныстар көбінесе «ештеңе істемейсің», «тек картаң керек», «ақша өздігінен түседі» деген сөздермен келеді. Сырт көзге бұл қауіпсіз әрі оңай табыс сияқты көрінгенімен, шын мәнінде мұндай әрекеттер заңсыз қаржылық операциялардың бір бөлігі болып табылады. Өйткені бұл шоттар арқылы интернет-алаяқтық, күмәнді ақша аударымдары және заңсыз қаржы айналымдары жүзеге асырылуы мүмкін. Яғни дроппер қылмыстың тікелей орындаушысы болмаса да оның маңызды тетігіне айналады.
Көптеген жастар «мен тек карта бердім» деп ойлап, өз әрекетінің салдарын елемейді. Алайда заң алдында бұл ақталу болып саналмайды. Себебі банк шоты иесінің атына тіркелген барлық операциялар үшін жауапкершілік сол адамның өзіне жүктеледі. Мысалы, әлеуметтік желі арқылы ұсынысқа келіскен студент өз картасын үшінші тұлғаға бергеннен кейін оның шоты арқылы заңсыз ақша аударымдары жүргізіліп, нәтижесінде банк картасы бұғатталып, ол құқық қорғау органдарының тексеруіне ілігіп, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар қазіргі таңда жиілеп барады және бұл қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр.
 
Неліктен жастар жиі алданып жатады?
Сарапшылардың айтуынша, дропперліктің кең таралуына жастардың оңай әрі тез ақша табуға деген қызығушылығы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі және интернеттегі ақпаратқа шектен тыс сенім себеп болып отыр. Әсіресе жұмыссыз немесе қосымша табыс іздеген жастар тәуекелді толық бағаламай, мұндай ұсыныстарға келісіп қояды. Осы орайда әрбір азаматтың қаржылық мәдениетін арттыру аса маңызды.
Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, дропперлік әрекеттер енді нақты қылмыс ретінде қарастырылып, ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабында бұл үшін қатаң жаза белгіленген. Атап айтқанда, банк шотын заңсыз пайдалануға бергені үшін айыппұл немесе қамау жазасы қарастырылса, ірі көлемдегі заңсыз операциялар үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру, заңсыз ақша аударымдарын жасағаны үшін бес жылға дейін, ал мұндай әрекеттерді ұйымдастырғаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл заң талаптары дропперліктің қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсетеді.
 
Дропперлікті қалай тануға болады?
Дропперлікті тану үшін оның сыртқы белгілеріне мұқият назар аудару керек, өйткені мұндай ұсыныстар көбіне өте тартымды болып көрінгенімен, ішінде үлкен қауіп жасырынып жатады.
Ең алдымен, дропперлікке тартатын адамдар «өте жеңіл әрі тез ақша» туралы айтады, яғни «ештеңе істемейсің», «үйде отырып табыс табасың», «картаңды ғана берсең болды» деген сияқты сөздер жиі қолданылады, ал шынайы жұмыс ешқашан мұндай оңай болмайды, сондықтан бұл – алғашқы күмәнді белгі. Сонымен қатар олар нақты қандай жұмыс істейтініңді толық түсіндірмейді, яғни міндеттері белгісіз болады, келісімшарт ұсынылмайды және ресми тіркелген ұйым екені дәлелденбейді.
Тағы бір маңызды белгі – сенен жеке банк деректерін сұрауы, мысалы карта нөмірі, PIN-код, CVV код немесе SMS арқылы келетін растау кодтары. Ал мұндай ақпаратты ешбір заңды жұмыс беруші сұрамайды, себеді бұл толықтай құпия мәлімет. Көп жағдайда мұндай адамдар белгісіз аккаунттардан жазады, профилі бос немесе жалған болады, әрі олар сені тез шешім қабылдауға итермелеп, «қазір келіссең ғана ақша табасың» деп асықтырады.
Сонымен қатар бастапқыда сендіру үшін аз мөлшерде ақша жіберуі мүмкін. Бұл – адамның сеніміне кірудің айласы. Кейін толық қол жеткізген соң заңсыз операцияларды сенің шотың арқылы жүргізе бастайды. Мұндай кезде адам кеш түсінеді, бірақ барлық жауапкершілік өзіне жүктеледі.
Өзіңді мұндай қауіптен қорғау үшін банк картасының деректерін ешкімге бермеу, PIN-код пен SMS-кодтарды құпия сақтау, белгісіз адамдарға сенбеу, тек ресми жұмыс көздерін таңдау және күмәнді жағдайда мамандардан кеңес сұрау қажет. Ең бастысы – «жеңіл ақша» дегенге сенбеу.
Қысқаша айтқанда, дропперлік сырттай оңай табыс болып көрінгенімен, оның артында үлкен қауіп жатыр және ол адамның болашағына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан әрбір жас саналы таңдау жасап, адал еңбек пен заңды табыс жолын таңдауы тиіс. Себебі бүгінгі сақтық – ертеңгі қауіпсіз өмірдің кепілі.
 
Аружан ҚАЙРАТҚЫЗЫ
арнайы пән оқытушысы
1
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *:

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
АО «НЦПК «Өрлеу»Некоммерческое акционерное общество «Talap»Управления образования КЗОҚазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігіАкимат Кызылординской областиСайт президентаРухани ЖаңғыруEgovDigital Kazakhstan