Жаңалықтар
Амал күні құтты болсын!
Еліміздің батыс өңірінің тұрғындары Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті. Бүгін – Көрісу күні немесе «Амал» мерекесі.
Көрісу — Қазақстанның батыс өңірінде сақталған қазақтың ежелгі дәстүрі. Атырау, Маңғыстау облыстары түгелімен, сондай-ақ, Ақтөбе, Орал облыстарының кейбір бөлігінде Наурыз мейрамы осы айдың 14-інен «Көрісу» салтынан басталады. Бұл күнді кей жерлерде «амал» деп те атайды. Бұл күні қыстан аман шыққан ағайын бір-бірімен амандасып, қол алысып, «Жасың құтты болсын!» деп тілек айтады.
Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені, көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді.
Бұл күннің тағы бір ерекшелігі бар. Көрісу күні бұрын-соңды бір-біріне өкпе-назы бар ағайын-туыс араздастықты жойып, татуласып, табысады. Төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады.
Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің ұжымы барша қызылордалықтарды мерекемен құттықтайды!
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Көрісу күнімен құттықтады.








