Жаңалықтар
17 наурыз 2021 ж, 13:53
Тарихқа тағзым күні
Барлығымызға белгілі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұл Тұжырымдамаға сәйкес 17 наурыз «Тарихқа тағзым күні» деп бекітілген. Елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен, азаттық жолында күресіп өздерін құрбан еткен қазақтың батырлары мен Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау ұрпақ үшін маңызды. Сол себепті белгілі қоғам қайраткері, ғалым Хангелді Әбжанов ағамыздың «Ер Текей» атты деректі кітабқа арнаған төмендегі алғысөзін «Тарихқа тағзым күніне» орайластырып, кішкене қысқартумен оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Дала дәстүрі қашанда ұлдарына ерліктің өр рухын дарытумен ерекшеленеді. Содан болар Ұлы дала перзенттері тумысынан ержүрек, қағілез болып өсіп, өзіне тісін көрсеткен жаумен аянбай алысып, бейуаз жатқан жұртқа тізесін батырмаған. Әлемді таңғалдырған әйгілі Күлтегін жазбаларында: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» - деген көне жазу бар. Демек, бесік жырынан бастау алатын ерлікке баулу дәстүрі – «атаның қанымен, ананың сүтімен дариды» дейтін ұғымға өлшем болса керек. Сан ғасыр бойы елге тұтқа болу, әлсізге қалқан, жауызға найза болып қадалатын «Ұлы дала» батырларынан тараған «рух шынжыры» үзілмей жалғасып, ерліктің өшпес керуенін қалыптастырды.
Міне, осындай кезеңдердегі жаугершілік заманда қазақ даласының о шетімен, бұ шетін жаудан қорғап, атқа қонған ерлеріміз қаншама. Жоңғардың қанды шеңгеліне қайыспай қарсы тұрып, екі жүз жылға созылған жорықтарды ұрпағына дейін табыстап шайқасқан халық жер бетінде кемде кем.
Мұхтар Әуезов «Ұлы батырлар-көшпелі елдің шапқыншылық, жауынгершілік, құба қалмақ заманында жүргендегі батырлары. Ол кездегі тыныштық, амандық, түгелдік ылғи найзаның ұшы, білектің күшімен алынатын, қара күштің ғана дәуірі жүрген заман. Әлі жеткен әлсіздің қожасы болған, әлсіздер құл мен күң болған заман. Не нәрсеге ие болсаң да, иелігің қылыш жүзінде ғана сақталған елдің сүйеніші. Елдің елдігін сақтаған шын азаматы, «ық жағына қала, ел жағына пана» болған деп айтып кеткен.
Міне, сол елге пана болып, жұртын күзетіп, бар ғұмыры ат үстінде өткен батырларымыз туралы аңыздар сан ғасыр өтсе де ел аузында сақталып, ерлік жолдары жатталып қалған. Елбасымыз: «Байырғы ұлы бабаларымыздың ұрпағы ретінде, біреудің шайнап бергенін малдану бізге жараспайды. Сондықтан да, өткенімізге, бүгініміз бен болашағымызға жалтақсыз жанар тіктейтін мезгіл жетті» -деп дуалы пікір білдіргені бар. Бұл сөздің астарында өткенімізге үңіліп, келешекті болжамдай білудің ғибыраты жатса керек.
Бүгінгі таңда ұрпақ санасына ұлттық тәрбиені сіңіруде батырлар мен даламыздан өткен даналарымыздың ғақлиясын, ерлік ісін дәріптеу аса маңызды. Тарихи дерек негізінде жазылған «Ер Текей» деректі хикаяты ел тұтастығы жолында, азаттық үшін күрескен ерлердің еңбек жолын баяндайды. Тарихта Әз Тәуке ханның қолбасшысы болған Текей Қарпықұлы туралы деректер кездеседі. Оның бір анық мысалы, Текей Қарпықұлының Түркістанда жерленгені туралы тарихи фактіден артық үлкен дәлел жоқ. Бұған дейін белгілі қоғам қайраткері Текей батырдың тікелей ұрпағы болып саналатын Мырқы Исаев сонау 90 жылдарда Текей Қарпықұлы туралы тың деректер тауып, кітап құрастырған. Міне, сол шағын кітап арттағы ұрпаққа үлкен мұра болып отыр. Өткенімізге үңіліп, жоғымызды жоқтау еліміз егемендік алғаннан кейін ғана бізге бұйырды. Дүйім қазаққа тарихи оқиға болып, тағдыр-талайымызға бақ болып қонған ел тәуелсіздігі талай игі істерді атқаруымызға мол мүмкіндік тудырып отыр. (...)
Жоғарыда айтқан Мырқы Исаев өзінің «Әз Тәукенің Текей батыры» атты еңбегінде былай деп жазады. «Егерде менің осы жазбам баспадан кітап болып шығардай сәт туса, ол Текей батырға келісті кесене соғудың бастамасы болар деген үмітім де жоқ емес. Сол кезде мен Тұрмағамбет дүр ауылынан үлкен үміт күтемін», - деп жазған. Міне, осы ұрпағына аманаттаған үлкен үміті орындалып, Текей батыр туған Сыр өңірі батырға деген өз құрметін көрсетіп жатыр.
Бүгінгі егемен еліміз күн сайын қарыштап дамып, еліміз өркендеу жолына түсті. Алаштың анасы атанған Сыр өңірі экономикасы мен мәдениетін, аса бай тарихын қадір тұтып, киесін өшірмей ұрпақтан ұрпаққа сабақтап, жалғастырып келеді. Осы орайда тарихи дерек негізінде жазылған «Ер Текей» хикаяты көпшілік оқырманға өткен дәуірлердің ізін көрсетіп, тынысын танытатын дүние екені даусыз. Көркем прозаға тән элементтермен, оқиға желісі қызықты әрі ұғынықты түрде баяндалып отырған.
Текей батыр Қарпықұлының 350 жылдық мерейтойын ел көлемінде атап өту бұл тәуелсіздігіміздің арқасы деп білемін. Ал, Текей батыр ұлттық деңгейге көтерілген, қазақ жері үшін бар ғұмырын ат үстінде өткізген ұлы тұлға. Осындай тегімізді біліп, тарихымызды тануға мүмкіндік беріп отырған. Тәуелсіз мемлекетіміз әрқашан дамып, рухымыз жаңғырып, гүлдене беретінімізге тәуба етемін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Хангелді ӘБЖАНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және
этнология институтының директоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
тарих ғылымдарының докторы
530